"Үй береміз деп, 50 млн теңгеге алдады": Алматыда қаржы пирамидасы әшкереленді

Алматыда Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері «UILI BOLAYIK» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ұйымдастырушылар жобаны пайызсыз бөліп төлеу арқылы баспана алуға көмектесетін әлеуметтік бағдарлама ретінде таныстырған. Алайда іс жүзінде бұл — сенгіш азаматтардың ақшасын алдап жинауға арналған әбден ойластырылған схема болып шықты.

Бағдарлама шарттары тым тартымды көрінген: салымшыларға ай сайын 15-30% табыс және әр жаңа адам үшін қосымша 10% бонус уәде етілген. Әдеттегідей: неғұрлым көп адам тартсаң, соғұрлым “табыс” жоғары болады делінген.

Салымшылардың ақшасы екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушының жеке есепшоттарына аударылып отырған. Ал “UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының” шоттары іс жүзінде пайдаланылмаған және қаражат түсімдері болмаған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 515 салымшы тартылып, олардан 50 миллион теңгеден астам қаражат жиналған, – деп хабарлады ҚМА.

Қазіргі таңда күдіктінің есепшоттарына тыйым салынды, өзі елден кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұркен Алишев - архив
Өзгелердің жаңалығы