Үнсіздік өмірге қауіп төндіруі мүмкін: Абай облысында әйел күйеуінің қолынан қаза тапты
Абай облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қайғылы жағдай тіркелді: әйел өз күйеуінің қолынан қаза тапты.
Полицияның мәліметінше, ер адам ішімдікке әуес болған.
Себепсіз қызғаныш танытып, әйелін жүйелі түрде ұрып-соғып отырған. Алайда әйел болып жатқан жағдай туралы ешкімге хабарламаған. Қоғамның айыптауынан қорқып, отбасындағы мәселелерді ұят санап, зорлық-зомбылыққа үнсіз төзген. Кезекті жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері әйелді пышақ жарақатынан қаза тапқан күйінде анықтады, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Осы қайғылы жағдай Абай облысы Полиция департаменті дайындаған 18+ әлеуметтік роликке негіз болды. Оның басты мақсаты - зорлық-зомбылыққа ұзақ уақыт бойы үнсіз төзу мен болып жатқан жағдайды жасырын ұстаудың қандай орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсету.
Айта кетейік, 2026 жылдың сегіз айында өңірде отбасылық-тұрмыстық салада 62 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 2 683 құқық бұзушы тартылды. Оның ішінде 423 құқық бұзушылық қайталанған.
Зардап шеккендерді қорғау мақсатында полиция қызметкерлері 2 455 қорғау нұсқамасын шығарды. 395 отбасылық жанжал шығарушыға мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, тағы 95 адам психокоррекциялық курстардан өтуге жіберілді.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық - отбасының жеке мәселесі емес. Қорқыту, қорлау, толық бақылау, себепсіз қызғаныш және ұрып-соғу - елемеуге болмайтын алаңдатарлық белгілер. Агрессордың жазасыз қалуы қайталанған шабуылдарға және орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды зорлық-зомбылық фактілерін жасырмауға шақырады. Егер сізге немесе жақындарыңызға қауіп төндірілсе, физикалық күш қолданылса немесе психологиялық қысым көрсетілсе, дереу көмекке жүгініңіз.
Зорлық-зомбылық сіздің маңайыңызда болып жатса, бейжай қалмаңыз: дер кезінде хабарлау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда екі адамды өлтірді деген күдікпен 56 жастағы ер адам ұсталды.
Тағы оқи отырыңыз:
«Маньяк жүр» деген қауесет: Полиция Кентаудағы оқиғаның мән-жайын айтты
Әйелді үйінде ұрып, телефонын тартып алған: Леңгірде түнде шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды
Шығыс Қазақстанда екі адамның денесі табылды