Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге бөлінеді: Қаражат қайда бағытталады?
2027 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Қаражат аса маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құрылтайдың жалпы отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде айтты.
Министрдің айтуынша, 2027 жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2 трлн 430 млрд теңге болады. Бұл көрсеткіш 2028 жылы да 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге деңгейінде жоспарланған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының «үлкен құрылыс» бағытын айқындауына байланысты Ұлттық қордан нысаналы трансферттер қарастырылған.
Мемлекет басшысы «үлкен құрылыс» бағытын айқындап, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалануға жол берілетінін атап өтті. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды, – деді Серік Жұманғарин.
Осыған байланысты 2027 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге, 2028-2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт бөлу көзделген.
Сонымен қатар министр 2027 жылға арналған бюджет кірістеріне қатысты болжамды таныстырды.
Кірістер 2027 жылы 19,9 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 10%-ы көлемінде болжанып отыр. Бұл биылғы бағалаумен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге көп.
Кірістердің өсуіне экономиканың ұлғаюы, қосылған құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі және басқа да факторлар әсер етеді.
Атап айтқанда, экономикалық өсім есебінен 1,7 трлн теңге, ҚҚС қайтару сомаларының төмендеуі есебінен 1,1 трлн теңге және басқа факторлар есебінен 0,5 трлн теңге қосымша кіріс түседі деп болжанып отыр. Сонымен бірге кірістердің 0,5 трлн теңгеге төмендеуі күтіледі.
Салықтық түсімдер құрылымында ең үлкен үлесті қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығы алады. Салықтық емес түсімдер 377 млрд теңге, арнайы түсімдер 18 млрд теңге көлемінде жоспарланған.
Сондай-ақ 2027-2029 жылдарға арналған болжамда инфляцияның біртіндеп төмендеуі көзделген. 2027 жылы инфляция 7,5-9,5%, ал 2028-2029 жылдары 6-8% деңгейінде болады деп болжанып отыр.
Бюджет қағидалары мен кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді жоспарлау ескеріліп, Ұлттық қордың таза валюталық активтерінің көлемі де өседі деп күтіледі.
Болжам бойынша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд доллар, 2028 жылы 67,3 млрд доллар, ал 2029 жылы 70,6 млрд доллар болады.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банкі төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев Құрылтай отырысында қаңтар-қыркүйек аралығынде елде ЖІӨ 4,2%-ға өскенін айтты.
2027-2029 жылдары Қазақстан экономикасының нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп болжанып отыр. Экономиканың негізгі өсім драйверлері мұнайдан тыс секторлар, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс болады.
Тағы оқи отырыңыз: Ұлттық қор – балаларға: 2026 жылы әр балаға 130,71 доллардан берілді