Ұлттық корпус: Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың қадамдары
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ғылым. Ал оны жинақтап корпусқа енгізу – қазақ тілін ғылым тіліне, ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың, әлемдік сұраныстағы тіл деңгейіне көтерудің басты қадамы.
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба бізге берген сұхбатында айтты.
– Мемлекеттік тілді қолдау, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Ең алдымен, еліміздегі тіл саясаты «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы негізінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні тіл оқыту процесін сатылап жүзеге асыру өте маңызды. Осы ретте мектептен бастап ересек адамдарға дейін тіл үйретудің жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясымен бірлесіп ғалымдар, әдіскерлер, практик мұғалімдердің қатысуымен бірнеше онлайн талқылаулар өткізілді. Биыл қазақ тілін үйретудің жаңа тұжырымдамасын жасау, қазақ тілін «мектеп-колледж-ЖОО-мемлекеттік қызмет, халыққа қызмет көрсету» сатысы бойынша үйрету жүйесін құру бағытында жұмыстар жүргізілетін болады. Тұжырымдама қабылданған жағдайда бұл қазақ тілін мектептен бастап ересектерге дейін сатылап нәтижелі меңгертуге мүмкіндік беретін болады.
Тіл үйретуде көпшілік халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, ағылшын тілін үйрету әдістемесін тілге тиек етеді. Қазақ тілін ағылшын тілін үйрету әдістемесімен салыстырудың қажеті жоқ. Ағылшын тілі – жаһандану заманындағы халықаралық тіл. Отандық әдістемеде де қазақ тілін үйрету әдістемесі бойынша түрлі еңбектер жарық көрген. Қазақ тілінің қолданбалы грамматикасын меңгертуге негізделген Зейнехан Күзекованың, өзгетілді аудиторияға қазақ тілін оқытуда аударма тілдің көмегіне жүгінбей оқыту мен деңгейлік оқыту әдістемесін әзірлеген Қарлығаш Қадашеваның, функционалдық грамматикаға негізделген қазақ тілін оқыту әдістемесін ұсынған Зәуреш Ерназарованың әдістемелерін атауға болады. Сонымен қатар қазақ тілін үйрету әдістемесіне өзге этнос өкілдері де атсалысып жүр. Валяева Татьянаның қазақ тілінің грамматикасын арнайы кестелер арқылы оқыту әдістемесі бар. Қазақ тіліндегі жалғаулар мен жұрнақтарды оңай жаттап, оқу үшін арнайы кестелер әзірлеп, «Казахский язык. Грамматика. Просто о сложном» сайтында жариялап отырады.
Сонымен қоса басқарма былтыр сауда саласының қызметкерлері мен тұтынушыларға арналған оқулық, аудиоқосымшасы мен мобильді қосымшасын әзірледі. Ол оқулық та жаңашыл, өзіндік ерекшелігімен жарық көргенін білеміз.
Енді осындай жұмыстар барлық өңірлерде жүргізілуде. Өздеріңіз байқағандай тіл үйренемін, тіл үйретемін деген азаматтарға мүмкіндік мол.
– Азаматтарға қазақ тілін оқыту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 6-бабында: «Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды» делінген. Заңның бұл қағидасы Ұлттық жобаның әзірленуіне және іске асырылуына басты негіз болып табылады. Ұлттық жобада көзделген барлық іс-шаралар жалпы мемлекеттік және ұлттық бірегейліктің аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени, тілдік қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандыруға бағытталған.
Республика бойынша мемлекеттік тілді оқығандар саны жыл өткен сайын артып келе жатқаны байқалады. Жалпы бағдарлама бекітілген 2011 жылдан бері 108 Тіл оқыту орталықтарында 700 мыңға жуық адам қазақ тілі курстарынан өтті. Еліміздегі осы орталықтарда, орталық атқарушы органдар мен ұлттық компанияларда, этномәдени бірлестіктерде 2021 жылы 51915 адам мемлекеттік тілді тегін үйреніп, сертификат алды. Өңірлердегі тіл оқыту орталықтарында 35697 адам оқыса, соның ең көбі Қостанай облысында – 6760 адам. Орталық атқарушы органдарда 5759 адам оқыса, ең көбі ҚР ішкі істер министрлігінде – 4472 адам. Этномәдени бірлестіктерде 7749 адам болса, ең көбі Жамбыл облысында – 2939 адам. Жалпы Республика бойынша тіл оқыту жұмыстарын 600-ге жуық жекеменшік тіл оқыту орталықтары да жүзеге асыруда.
Коронавирус пандемиясы белең ала бастағанда да тіл оқыту жұмыстары тоқтаған емес. Пандемияға байланысты тіл оқыту жұмысы онлайн режимге көшірілді. Республика бойынша өткізілген «Онлайнда бол!» акциясы да халықтың қолдауына ие болып, қазақ тілін қашықтықтан оқыту процесін біраз жеңілдетті.
Оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыру, өзара тәжірибе алмасу, Тілдерді оқыту орталықтарының авторлық бағдарламалары, ересектерге қазақ тілін тиімді оқыту әдістемелері бар оқытушыларын ынталандыру, қолдау және марапаттау мақсатында жыл сайын А. Байтұрсынұлы атындағы байқау өткізіледі. Үздік авторлық әдістемелері бар оқытушылар көтермеленіп, әдістемелері республика бойынша Тілдерді оқыту орталықтарына таратылады. Осы байқау биыл да өткізіліп, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл біліміне қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтау және насихаттауға бағытталған.
– Тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған электронды өнімдер бар ма?
– Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен 2016 жылдан бері қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге бағытталған 11 IT-қосымша жүзеге асырылды.
Мәселен «Balatili.kz» сайты 3 жастан асқан балалар аудиториясына арналған. Сайтта баланың өзіндік жұмысына арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға арналған әдістемелік материалдар, грамматика мен орфографияны үйренуге арналған материалдар, соның ішінде интерактивті әліпби мен ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар, қосымшалар және т.б. орналастырылған.
Одан өзге мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сондай-ақ балабақшалар мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу құралдары мен сабақ жоспарлары жарияланады.
«Tilqural.kz», «Tilmedia.kz», «Abai.institute» порталдары кез келген жастағы Қазақстан және шетел азаматтарының қазақ тілін өз бетінше үйренуіне бағытталған электронды өнімдер.
Емле ережелерінің нормаланған нұсқалары берілген, сауатты дұрыс жазу тәртібі, сөйлеу актісінде сөздерді дұрыс дыбыстау, дұрыс айту және ресми құжаттарда тыныс белгілерін дұрыс қою тәртіптері көрсетілген орфографиялық электрондық «Emle.kz» базасы, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының «Termincom.kz» базасы, әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін «Sozdikqor.kz» платформасының берері мол.
Осы сайттар арқылы сөздің дұрыс жазылуы қандай, терминологиялық комиссия бекіткен бе, бекітпеген бе, сөздің мағынасы және т.б. мәліметтерді білуге болады. Сайттардың базасына қазақ тіл біліміне қатысты құнды еңбектер жүктелген.
Мәселен тек «Sozdikqor.kz» порталына 60-қа жуық түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар енгізілген және порталдар тұрақты негізде толықтырылып, өзектендіріліп отырады.
Сондықтан бұл порталдардың жалпы қауымға, соның ішінде тіл мамандарына, ұстаздар қауымына берері мол.
«Qujat.kz» сайты – құжаттардың қазақша-орысша үлгілері мен оларды сауатты толтыру нұсқаулығы берілген электронды база. Жалпы сайт ересек тұрғындардың құжаттық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Тіл саласына қатысты өзекті ақпараттар тұрақты негізде «Tilalemi.kz» порталына шығып отырады. Яғни бұл жерде тіл жанашырлары өткізілетін түрлі байқаулар, әдістемелік материалдар, тіл саласына қатысты жаңалықтар және т.б. ақпаратпен танысуына болады.
Республика аумағындағы көше, мәдени мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атаулар жинақталған «Аtau.kz» электрондық базасы да бар.
Енді алдағы жылдары мәтінді дыбысқа, дыбысты мәтінге айналдыру қосымшаларын әзірлеу жоспарланып отыр.
Былтырғы жылдың соңында мəтіндерді электронды түрде жинауға негізделген «Qazcorpora.kz» ақпараттық-анықтамалық жүйесі іске қосылды.
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін бірқатар ІТ жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз. Оның ішінде балаларға қазақ тілін ойын негізінде үйретуге бағытталған қосымшалар, қазақ тілінің заңдылығын тексеруге арналған «Qazgramma» қосымшасы, қазақ тілін дыбыстық енгізу қосымшалары және т.б. әзірленеді.
Қолданыстағы бұл өнімдердің барлығы мемлекеттік органдардың интранет порталына (ИПГО), Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай білім беру порталы «kundelik.kz»-ке, орталық атқарушы органдардың (барлығы 700-ден аса) gov.kz ресми парақшаларына, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Жоғарғы сотының, 30-ға жуық жоғары оқу орындарының, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Әл-Фараби атындағы кітапхананың сайттарына және т.б. мекемелердің сайттарына орналастырылды.
Тіл саясаты комитеті ғана емес, өңірлердегі тілге жауапты құзырлы органдар да қазіргі уақытта оқытудың цифрлық форматына бет бұруда.
Мәселен Жамбыл облысы тілдерді дамыту басқармасы әзірлеген «Qazonline» мобильді қосымшасы, Павлодар облысының «Ана тілі» орталығы әзірлеген «Ana tili» интернет жобасы, Мемлекеттік тілді дамыту қоры тарапынан әзірлеген «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz» интернет порталдары және жеке азамат Татьяна Валяеваның «Kaz-tili.kz» авторлық жобасы және т.б. өнімдерге ел тұрғындарының қызығушылығы біртіндеп артуда.
– Бүгінгі күні Тіл саясаты комитеті Ұлттық корпусты қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Көпшілік Ұлттық корпус дегеннің не екенінен бейхабар. Осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Ең алдымен, Корпус дегеніміз не? Корпус – мəтіндерді электронды түрде жинауға негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе.
Жалпы мәтіндерді электронды түрде жинақтау тәжірибесі 1960 жылдан бастау алады. Ең алғашқы Браун корпусы У.Фрэнсистің жетекшілігімен жүзеге асырылып, оған 1 млн сөз қолданыстан тұратын әдеби мәтіндер енгізілген.
Компьютер мүмкіндігі өсіп, үлкен көлемді мәтіндермен жұмыс істеу қолжетімді болуына байланысты 1980 жылдары әлем лингвистері үлкенірек корпустар құруға талпына бастады.
Ұлыбританияда мұндай жобалар Бирмингем университетіндегі ағылшын Банкі (Bank of English) және Британ ұлттық корпусы (British National Corpus, BNC) болды. КСРО-да - А.П. Ершовтың бастамасымен құрылған орыс тілінің машиналық қоры.
Бүгінгі күні әлемнің бірқатар тілдерінде (американдық ағылшын, британ, француз, чех, орыс және т.б.) өздерінің ұлттық корпустары бар, олар бір-бірінен мәтіндерді ғылыми өңдеудегі толықтығы мен ғылыми деңгейі арқылы ерекшеленеді.
Мақсатты межеге жету үшін біз Ұлттық жоба бойынша жыл сайын қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасының көлемін ең кем дегенде 10 млн. сөзге арттырып отыратын боламыз. Бұл мақсат «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасында» да қарастырылған.
Жалпы, Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шет тілі ретінде үйрету үшін де маңызды. Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік азамат, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманы қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады.
Қажетті сөздіктер корпус базасына негізделіп құрастырылатын болады. Корпус базасы үнемі үздіксіз жетілдіріліп, толықтырылып отырады.
Сонымен Ұлттық корпус – бұл қазақ тілінің бір жүйеге кіріктірілген тілдік материалдарының базасы ғана емес, сондай-ақ виртуалды кеңістікте мемлекеттік тілдің семантикалық кеңістігін кеңейту, ақпараттық таралу ауқымын кеңейту, тілдік ресурстарға жаппай қол жеткізу тетігі. Ұлттық корпусты кәсібі бойынша қажеттілігі бар немесе тілдің құрылымы туралы білгісі келетін жұртшылық пайдалана алады.
Корпус тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет, ақпаратты іздеу, ауқымды материалдарды талдау, өңдеу, статистикалық мәліметтерді алу оңтайланады, қажетті сөздіктерді корпус базасы негізінде құрастыруға болады.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде тілдің ұлттық корпусы түрлі тақырыптағы кіші корпустардан тұрады. Олар: газеттік, тарихи, поэтикалық, синтаксистік, мультимедиялық және де басқа тілдің ұлттық кіші корпустары бар.
Мысалы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілі ұлттық корпусын алғаш жасауда тілдің бес стилін қамтыған болатын. Ал 2021 жылы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығы публицистикалық мәтіндердің кіші корпусы бойынша жұмыс жүргізді.
Публицистикалық мәтіндер корпусына «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде жарияланған мақалалардың электронды көшірмелері енгізілді.
Алдағы уақытта публицистикалық стильдің басқа да ішкі жанрларын қамту, сондай-ақ басылым кезеңдері бойынша ұлғайту және дереккөздердің атаулары бойынша кеңейту көзделуде.
Ұлттық корпусты қалыптастыру барысында мәтінге 12-20 параметрлік метабелгілер (мәтін авторы, мәтін тақырыбы, мәтін стилі, жанр, мәтін түрі, хронотоп, дереккөз, басылым мерзімі және т.б.) жасалды. Былтыр корпустың «Qazcorpora.kz» сайты іске қосылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан аталған жобаны әзірлеуге Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Қазақ ұлттық университеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті; Назарбаев Университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Баишев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС атсалысты.
Тіл тек қарым қатынас құралы ғана емес, ол – ғылым. Яғни, сол тілді құрайтын әр сөзді, сөздің қолданысты түгендеп, оның қайда, қалай, қай салалаларда, қандай жиілікте қолданылатынына дейін анықтап, ІТ платформаға жинақтап, енгізіп отырғанда ғана корпустың тиімділігі артады. Қазақты қазақ етіп тұрған оның тілі десек, сол тілдегі әр сөз ұлттың байлығы. Ал оны жинақтап корпусқа енгізу – қазақ тілін ғылым тіліне, ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың, әлемдік сұраныстағы тіл деңгейіне көтерудің басты қадамы.
– 2021 жылдың соңында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Бұл толықтырулардың ерекшелігі неде?
– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Мемлекет басшысы 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойды. Заңды қабылдаудың мақсаты – деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес, теңтүпнұсқалы аудармасын (аутентичность) сақтап отырып жазу, «мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы» ұғымын енгізу. Яғни мәтіннің қазақшасы мен орысшасының мағынасы бірдей болуы.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады» нормасы енгізілді. Бұл норма мәтіннің мазмұндық бөлігіне, көрнекі ақпаратты ресімдеуге қойылатын талаптарды көздейді.
Енгізілген нормалар:
- Мемлекеттік ұйымдардың бланкілері мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады.
- Мемлекеттік ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде орналастырылады.
- Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазылады.
- Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастырылады.
- Қазақстан Республикасында қорғалатын, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшаларында пайдаланылатын тауар белгілері өзгеріссіз жазылады.
Жоғарыда енізілген нормалар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың деректемелер мен көрнекі ақпараттарының жазу тілін (тілдерін) нақтылайды. Бұл ретте мемлекеттік емес ұйымдарға, атап айтсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне бланкілерін, маңдайшаларын тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.
Бұл түзетулер мемлекеттік тілдің мәртебесіне сәйкес көрнекі ақпаратта міндетті түрде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңға енгізілген бұл нормалармен орыс тілінің және басқа да тілдердің қолданылуына шектеу қойылмайды.
Енгізілген келесі норма жол белгілеріндегі жазбалардың мемлекеттік тілде жазылуына қатысты (егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе).
Бұл нормада «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенциясын ратификациялау туралы» 2009 жылғы 31 желтоқсандағы №236-ІV ҚР Заңында белгіленген норма басшылыққа алынды, яғни жол белгілеріндегі жазбалар ұлттық тілде немесе бір немесе бірнеше ұлттық тілдерде, бұдан басқа, егер тиісті Уағдаласушы Тарап мұны қажет деп тапса, басқа тілдерде, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми тілдерінде жазылады.
Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттарды, баға көрсеткішері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде жазылатын болады.
Яғни, көрнекі ақпарат түрлерінің қатары көпшілік орындарында жиі кездесетін ас мәзірі және нұсқағыш түрімен толықтырылып, көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруға таңдау құқы беріледі.
Заң аясында Қазақстан Республикасының 16 заңнамалық актісіне, атап айтсақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Темір жол көлігі туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Жарнама туралы», «Сауда қызметін реттеу туралы», «Байланыс туралы», «Ішкі су көлігі туралы», «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы», «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы», «Пошта туралы», «Кинематография туралы» ҚР Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Терминжасам мәселесіне тоқталып өтсек. Осы саладағы ахуал қандай? Жалпы ел тұрғындары термин жасауға қатыса алады ма?
– Қоғамдық өмірдің тілге тікелей әсер ететіні белгілі. Әрбір жаңа процесс, өнім, жаңа ұғымдардың, тиісінше оларға берілген жаңа атаулардың тілге енуі – заңды құбылыс. Осы ретте экономика, құқық, ғылым, бір сөзбен айтқанда, қоғамның барлық салаларында бар және жаңадан пайда болып жатқан ұымның атауы ретінде қызмет атқаратын терминологияны тілдің «аса белсенді» саласы деп атауға болады. Бұл үрдіс қазақ тіліне де жат емес.
2016 жылы алғаш рет қазақ тілінің электрондық базасы «Тermincom.kz» сайты ашылды. Сайтты ашудағы мақсат – қазақ тілі терминологиясына қатысты еңбектердің көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, терминдерді қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу, қазақ терминологиясын жүйелеу, терминологиялық лексиканы біріздендіру, терминологиялық қорды толықтыру, қолдану тиімділігін арттыру, қазақ терминологиясын одан әрі дамыту. Сайтқа еліміздің аумағында жарық көрген қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздіктер, салаға қатысты ғылыми еңбектер және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдер арнайы айдар ретінде енгізіліп отыр. Сондай-ақ сайтта ғылыми мақалалар, Комиссияның хабаршысы ұдайы жарияланып отырады.
Бүгінде қазақ тілінің терминологиялық қоры біраз толығып, сала дамып келеді дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми құжаттарда бір ұғымды білдіретін терминнің әркелкі қолданылуы ұшырасып отырады. Осыған байланысты жекелеген терминдерді ғаламторда талқыланып, түрлі ұсыныстар айтылып жатады. Осындайда айтылатын ұтымды ұсыныстардың бірі терминологиялық базаға еніп жатса, енді біреулері арнайы жүйеден тыс қалып қалады.
Қазақ тіліндегі терминжасамды барынша жетілдіру, көпшілік арасында, ғылыми ортада талқылап барып терминдерімізді реттеу, біріздендіру мақсатында «Тermincom.kz» сайтында қазақ терминологиясын жетілдіруге бағытталған қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымына негізделген электрондық Алаң ашылды. Алаң «Бекітуге ұсынылған терминдер», «Ұсыныстар», «Қолданыстағы терминдер» сияқты айдарлардан тұрады.
Қоғамда әркелкі қолданылып немесе аудармасы қиындық туғызып жүрген терминдердің Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясында қаралып бекітілетіні белгілі. Қазіргі уақытта терминдер бекітілмес бұрын әркімнің өз ұстанымын білдіру мүмкіндігі пайда болды. Комиссия мүшелері әр терминге қатысты өз ұстанымдарын алдын ала Алаң платформасында білдіріп отырады. Кез келген адам «Тermincom.kz» сайтына кіріп, Алаңға орналастырылған бекітілетін терминдер мен оларға қатысты ұсыныстар бағамын байқай отырып, өзінің пікірін білдіріп, терминдерімізді реттеп, жүйелеу ісіне атсалыса алады.
Жалпы терминология комиссиясы құрылған 1971 жылдан бастап 31378 термин мақұлданған. Мәселен былтыр 4 отырыс, 13 тақырыптық шара өттті. 3000-ға жуық терминге сараптама жасалып, 2902 термин бекітілді. Тіл саласының аясын кеңейтуге бағытталған шаралар жалғасатын болады.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!