Ұлдана Мырзуан ісі: Өрт сөндіруші сотта жауап берді
Астана қаласы ТЖД №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аян Кемпіров фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот отырысында куәгер ретінде жауап берді. Ол 2025 жылғы 8 қарашада оқиға орнына қалай барғанын, зардап шеккендерді қалай алып шыққанын және сол жердегі жағдайды баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің айтуынша, өрт сөндіру бөліміне адамдардың үстіне кірпіш құлап кеткені туралы шақырту жедел жәрдем станциясынан түскен. Оқиға орнына бес адамнан құралған топ бір автокөлікпен шыққан.
Кемпіров олардың оқиға орнына шамамен төрт минутта жеткенін айтты. Барған кезде екі жедел жәрдем көлігін көрген. Оның сөзінше, сол сәтте қатты көктайғақ болып, қар жауып тұрған.
Келген кезде қатты көктайғақ болды, қар жауып тұрды. Командамен түскен кезде өзіміз де құлап кете жаздадық, – деді ол.
Өрт сөндірушілер алдымен барлау жұмыстарын жүргізген. Куәгердің айтуынша, сол кезде жедел жәрдем қызметкерлері бір зардап шеккен адамды көлікке салып жатқан.
Кейін олар дүкеннің ішін тексеріп, артқы кіреберіс маңынан тағы екі адамның жатқанын анықтаған. Кемпіров олардың ер адам мен әйел адам болғанын айтты.
Біз дүкенге алдыңғы кіреберіс арқылы кірдік. Ішке кіріп, солға бұрылып, соңына дейін бардық. Сөйтсек, онда тағы бір кіреберіс, екінші кіреберіс бар екен. Сол жерде ер адам мен әйел адам жатты, – деді куәгер.
Оның айтуынша, зардап шеккендер үйінді астында жатқан. Ол жерде кірпіштер мен басқа да құрылыс қалдықтары болған, алайда нақты қандай заттардың жатқанын айта алмайтынын жеткізді.
Өрт сөндірушілер зардап шеккендерді үйіндіден алып шығып, дүкеннің ішіндегі қауіпсіз жерге жеткізген. Сол жерде медицина қызметкерлері оларға көмек көрсеткен.
Кемпіров әйел адамның ес-түссіз болғанын айтты. Кейін медициналық көмек көрсетілгеннен кейін оның біртіндеп есін жинағанын, көзін ашқанын байқаған. Алайда әйелдің нақты жағдайын бағалай алмайтынын атап өтті.
Сотта куәгерден зардап шеккендердің денесінде жарақат бар-жоғын сұрады.
Көрген жоқпыз. Оған мән бермедік, – деді Кемпіров.
Оның айтуынша, зардап шеккендерді медицина қызметкерлеріне тапсырғаннан кейін құтқарушылар оқиға орнындағы жұмыстарын жалғастырған. Кейін полиция қызметкерлері де келген.
Сотта Кемпіров оқиға орнындағы ауа райына да тоқталды. Оның сөзінше, қараша айында көктайғақ болып, қар жауғанымен, қатты жел болмаған.
Куәгер оқиға орнына келген кезде көріну деңгейін шамамен 60 пайыз деп бағалады.
Қорғау тарапы өрт сөндірушілерде арнайы қорғаныс құралдары болған-болмағанын да сұрады. Кемпіров каскалары болғанын айтты.
Сот барысында куәгерден ғимараттың фасадына қатысты қандай да бір тексеру жүргізілген-жүргізілмегені де сұралды. Кемпіров олардың негізгі міндеті оқиға орнындағы адамдарды құтқару болғанын айтты. Кейін басқа құтқарушылар келіп, ғимараттың шатырына көтерілген.
Сондай-ақ сотта оқиға орнына нақты қай уақытта келгендері туралы сұрақ қойылды. Кемпіров нақты уақытты есіне түсіре алмайтынын айтты.
Айта кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен. Оқиға кезінде жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Гүлнар Қалиева сот отырысында жауап беріп, оқиға болған күні сіңілісі Айнұрмен бірге дүкенге бара жатқанда үстеріне кірпіш құлағанын айтты. Ол бір отбасынан үш адам жарақат алғанын, бірақ олар куәгер секілді отырғандарын атап өтті.
Сондай-ақ, Мырзуан ісіндегі сотта жәбірленуші әпкесін қалай тапқанын айтты.
Куәгер кондиционерге қатысты күтпеген дерек айтты.
«Кондиционер көрмедім»: Сотта фельдшер Ұлдана Мырзуанға көмек көрсеткен сәтін айтып берді.