Ұлдана Мырзуан ісі: Куәгер кондиционерге қатысты күтпеген деректі айтты
Астана қалалық сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында куәгер Дана Хасенова 8 қараша күні болған оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің сөзінше, сол күні ол жолдан келіп, шамамен сағат кешкі 22:00-23:00 аралығында таксиден дүкеннің негізгі кіреберісіне жақын жерден түскен.
Дүкеннің екі есігі бар: негізгі және қосалқы. Әдетте такси негізгі есіктің алдына тоқтайды. Сол жерден кірдім, – деді ол сотта.
Ол дүкенге жақындағанда айналада шаң көтеріліп жатқанын байқаған. Алғашында мұны ыстық су құбырына қатысты ақау деп ойлаған.
Бізде ол жерде құбырға байланысты мәселе болып тұратын. Сондықтан алғашында ыстық су атылып жатқан шығар деп ойладым, – деді куәгер.
Алайда дүкен ішіне кірген соң жағдайдың әлдеқайда күрделі екенін түсінген. Оның айтуынша, іштен әйелдердің дауысы естіліп, олар көмек сұраған.
Оның сөзінше, тоңазытқыштар орналасқан жерден әрі қарай кондиционерді де көрген. Алайда оның ол жерге қалай түскенін өзі көрмегенін атап өтті.
Кондиционерді кейін жерде жатқан күйінде көрдім. Оны қайдан алып, қалай шығарғанын білмеймін, себебі сол сәтті көрген жоқпын, – деді куәгер.
Дана Дауылбайқызы бұл үйді жақсы білетінін жеткізді. Себебі дүкенді оның туған әпкесі жалға алып жұмыс істеген. Сонымен қатар өзі де аталған үйде 2019 жылдан бері тұрған.
Куәгердің сөзінше, ол ғимараттағы дәліздің құрылымын, оның үстіндегі жабындыны да бұрыннан білген.
Біз бұл үйге 2019 жылы көшіп келдік. Сол кезде пәтерді жалдап тұрдық. Кейінірек, нақты 2022 немесе 2023 жыл екені есімде жоқ, наурыз-сәуір айларында екінші кіреберістегі пәтерді жалдадық, – деді куәгер.
Ол дүкенге алғаш кірген кезде сыртқы есік маңында, оның ішінде темір есіктің үстінде үйінділер мен сынықтар жатқанын көрген.
Куәгердің айтуынша, кейін әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге кондиционердің құлауы себеп болды деген ақпарат тараған. Алайда ол оқиға орнында басқа көріністі байқағанын айтты.
Куәгер кондиционерді оқиға болған жерде жедел жәрдем келгенге дейін-ақ көргенін атап өтті.
Кондиционер бұрышта жатқан. Оны анық есімде сақтадым. Сол кезде «кондиционер осындай жағдайға қалай әсер етуі мүмкін?» деп ойладым. Басында кондиционер құлады деп түсінгенмін. Өйткені ол жерде бір ғана кондиционер болатын, одан су тамшылап тұратын. Біз ол жерден күніне он реттен де көп өтеміз, себебі әпкеме дүкенде көмектесемін, – деді куәгер.
Сот барысында одан кондиционердің қай қабырғаға орнатылғаны және кімге тиесілі болғаны сұралды.
Ол көрші ғимараттың қабырғасында тұрған. Біздің үйдің сол жағындағы қабырғада кондиционер болған жоқ. Ол жерде жалғыз кондиционер болды, ол – көрші ғимараттікі, – деді куәгер.
Куәгер өзі көрген құлаған кондиционердің оқиға болған үйдің қабырғасына бекітілмегенін де нақтылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Гүлнар Қалиева сот отырысында жауап беріп, оқиға болған күні сіңілісі Айнұрмен бірге дүкенге бара жатқанда үстеріне кірпіш құлағанын айтты. Ол бір отбасынан үш адам жарақат алғанын, бірақ олар куәгер секілді отырғандарын атап өтті.
Сондай-ақ, Мырзуан ісіндегі сотта жәбірленуші әпкесін қалай тапқанын айтты.
Тағы оқи отырыңыз: «Ұлдана етпетінен жатты, үстінде кірпіштер болды»: Фельдшер сотта көз жасына ерік берді