Украинада тура бір айдан кейін тағы да қаралы күн жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украина президенті Владимир Зеленский 9 қаңтарды Украинаның «МАУ» компаниясы ұшағының Тегерандағы апатына байланысты аза тұту күні деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы президент офисінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарлыққа сәйкес 9 қаңтарда бүкіл Украинада мемлекеттік органдардың, жергілікті билік органдарының, мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың ғимараттары мен құрылыстарына мемлекеттік туды түсіру талап етіледі.
Сондай-ақ, ойын-сауық және концерттік шаралардан бас тарту, теледидар мен радио бағдарламаларына тиісті өзгерістер енгізу туралы қаулы қабылданды.
Иран Сыртқы істер министрлігінің Қазақстанның Тегерандағы елшілігіне берген алдын-ала ақпараты бойынша, украиналық авиакомпанияның құлаған ұшағының жолаушылары арасында қазақстандықтар жоқ.
Бұған дейін Tasnim Тегеран маңында құлаған украиналық ұшақтың бортында 180 жолаушы болған деп хабарлаған.
Кейін ұшақ апатының видеосы жарияланды.
Оқиға орнына жедел жәрдем жеткен болатын.
Қызыл Жарты ай өзінің Twitter-дегі парақшасында Тегеран маңындағы украиналық ұшақ апатының орнынан фото жүктеді. Онда ұшақтың сынықтары, апат болған жерде жүрген мамандар бар.
Иран Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі РИА Новости агенттігіне берген ақпаратында, ұшақ апатынан адамдардың аман қалуы екі талай деген.
Қазақстан СІМ ұшақ бортында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.
Сондай-ақ, Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларына шабуыл жасағаннан кейін АҚШ азаматтық авиация федералды басқармасы (FAA) америкалық әуекомпанияларға Иран, Ирак, сонымен қатар Парсы және Осман шығанақтарының үстінен ұшуға тыйым салды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан қаза болғандарға көңіл айту жеделхатын жіберген болатын.
Естеріңізде болса, бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский Одесса колледжінде болған өртке байланысты 2019 жылдың 8 желтоқсанын қаралы күн деп жариялау туралы шешім қабылдаған болатын.