10 Қараша 2026, 10:20 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

ТЖМ: Қазақстандағы әрбір екінші өрт жеке тұрғын үйлерде болады

Жылыту маусымында өрттің 55 пайыздан астамы тұрғын үйлерде тіркеледі.

Қазақстанда жылыту маусымында болатын өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында, соның ішінде жеке үйлерде тіркеледі. Өрттің негізгі себептері – электр құралдары мен пештерді орнату және пайдалану талаптарын бұзу, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін ерекше бақылауға алып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өрт пен газдан улану салдарынан қаза тапқандардың басым бөлігі – зейнеткерлер мен уақытша жұмыссыз азаматтар. Сондықтан профилактикалық жұмыс жаппай үй аралаумен шектелмей, өрт шығу қаупі жоғары тұрғын үйлерге басымдық беру арқылы жүргізіліп жатыр.

Бүгінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың 93 мыңнан астам тұрғын үйі есепке алынды. Бұл ретте үйлердің санына емес, өрт шығу ықтималдығы мен оның салдарының ауырлығына қарай жұмыс ұйымдастырамыз, – деді Мұрат Мұханов.

Министрдің сөзінше, биыл тамыз айынан бастап жылыту маусымына дайындық аясында тұрғын үйлерді аралау жұмыстары жүргізіліп келеді. Мамандар пешпен жылыту жүйелері мен электр жабдықтарының жағдайын тексеріп, анықталған кемшіліктерді сол жерде жоюға көмектеседі.

Осы уақыт аралығында 6 148 түтін мұржасы тазартылып, 3 189 пеш және 3 439 электрмен жабдықтау жүйесі жөнделген. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп жатыр.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әлеуметтік көмек аясында үйлерге өрт датчиктері орнатылуда. Тек тамыз айынан бері 13 мыңнан астам құрылғы қойылған.

Былтырдан бастап жеке тұрғын үйлерді автономды түтін өрт хабарлағыштарымен жабдықтау міндетті талап ретінде енгізілді. Ал көппәтерлі тұрғын үйлерде өрт туралы сигналды өрт бекетіне немесе мобильді телефонға жеткізетін адрестік өрт дабылы жүйесін орнату көзделген, – деді министр.

Мұрат Мұханов зейнеткерлердің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Осы мақсатта «Ата-анаңның үйін тексер» арнайы акциясы басталған. Әкімдіктер мен волонтерлер бірлесіп, зейнеткерлердің үйлеріндегі өрт қауіпсіздігін тексеріп, анықталған кемшіліктерді жоюға көмек көрсетіп жатыр. Азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін арнайы жедел желі де ұйымдастырылған.

Сонымен қатар тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмысты цифрландыру қолға алынған. Осы бағытта «Тұмар 112» мобильді қосымшасы әзірленді. Ол үйлерді аралау нәтижелерін электронды түрде тіркеуге, фотофиксация мен геолокация арқылы өрт қаупін белгілеуге және бірыңғай деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қосымша ең осал тұрғын үйлерді анықтауға, тіркелген бұзушылықтардың жойылуын бақылауға және өрт туралы хабарламалар түскен кезде кезекші қызметтерді өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мұрат Мұханов.

Қазіргі уақытта жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылған. Сынақ нәтижесі бойынша оны басқа өңірлерде де енгізу жоспарланып отыр.

Министр профилактикалық жұмысқа тек Төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдар белсенді қатысуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсарту және үйлеріндегі қауіп-қатерді жою бойынша ведомствоаралық жұмыс күшейтілуі тиіс.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстанда қысқа көмір жете ме? Қажетті қордың әзірге 62 пайызы ғана дайын

Биыл өңірлердегі жылу желілерін жөндеуге 796 млрд теңге бөлінген

Қыста электр энергиясын тұтыну рекордтық деңгейге жетуі мүмкін: Қазақстан дайын ба?