ТЖ режимін бұзған лауазымды тұлғалар мен танымал жұлдыздар кімдер?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі төтенше жағдай режимін бұзған лауазымды тұлғалар мен танымал жұлдыздар кімдер? Оларға қандай да бір жаза қолданылды ма?

Осыдан екі айдан аса уақыт бұрын COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары қатаңдатылып, қазақстандықтар жаппай оқшаулану режиміне ауысқан еді. Әлем жұртшылығын әуре-сарсаңға салып, үрейлі алақанында ұстаған індетті адамзат санитариялық сақтану шараларын мұқият ұстану арқылы ғана жеңе алатыны күн құрғатпай айтылып та жатты.

Жаһанның алдыңғы қатарлы елдері ұстанған карантинді біздің ел де берік ұстады десе болады. Соның арқасында бүгінде Еуропа елдеріне қарағанда, Қазақстандағы жағдай біршама тұрақты, карантин талаптары да күн санап жеңілдетіліп келеді.

Алайда, төтенше жағдай кезінде жалпыұлттық карантинді елемей, өз дегенімен жүргендер де табылды. Бір қынжылтатыны, заң бұзғандар арасында ел алдында жүрген лауазымды тұлғалар мен танымал жұлдыздар да болды.

Төтенше жағдай кезіндегі қатаң ескертулерге құлақ аспай, ұлан-асыр той жасағандар туралы видеоүзік Whatsapp мессенджері арқылы халық арасына желдей тарап кеткен еді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 27 наурыз күні сағат 17:30 шамасында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғыны қызының ұзату тойын жасағаны анықталды. Той иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар сотқа жолданды.

Карантин талаптарын көзге ілмей, той жасағандар Түркістан облысы, Жетісай қаласында да тіркелді. Аталған жайт бойынша аудандық полицейлер шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде оқиғаның мән-жайы анықталып, кінәлі азаматтар белгілі болды. Аталмыш дерек ҚР ҚК-нің 476-бабы "Төтенше жағдай режимін бұзу" бойынша тіркеліп, тойхананың иесі мен той жасаушы тұрғынға хаттама толтырылды. Жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды.

Осы тектес тағы бір оқиғада карантин ережесіне сай келмейтін әрекеті үшін мемлекеттік қызметкерлер қызметінен кетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің Тергеу басқармасы қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, басқарма басшысы Р. Тұрғамбековтің және оған бағынышты тергеушілер Н. Мырзагелдиннің, А. Қағарманның, Ж. Ақмолдиннің, Б. Лұқмановтың төтенше жағдай режимінің қазіргі шектеулеріне қарамастан, кешкі демалысты Көкшетаудағы монша кешендерінің бірінде өткізгені анықталды. Осылайша, карантинде моншаға түскен басшылар қызметінен қуылды. 

Ал Алматы қаласының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Айзат Молдағасымова бойында коронавирус инфекциясы анықталған Германиядан келген жолаушымен бір ұшақта болғанын мойындады. Осы ретте дәрігердің өзге жұрт сияқты бірден стационарға жатқызылмай, үй карантинінде болғанына қатысты еріксіз сұрақ туындайды. Бұл жағдайда өзі "10 наурыз күнгі жағдай бойынша Германия қауіпті елдер қатарында болған жоқ. Сондықтан ол жақтан келгендерді бірден медициналық мекемеге жатызу негізсіз еді", деп түсіндірді.


Билік тарапынан берілген талаптарды орындауға құлық танытпағандар қатарында эстрада жұлдызы, әнші Ернар Айдар да бар. Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметі бойынша, әншімен бірге 12 адам мекемеге жиналып, тікелей эфирде ұтыс ойынын өткізген. Әншіге қатысты тиісті шара қолданылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.


Айта кетейік, осы дауға қатысты "КТК" арнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында кәсіпкер Ахметбек Нұрсила кейбір әншілерді шырылдауық шегірткеге теңегені біраз резонанс тудырған еді. Әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Майра Ілиясова отандық телеарналардың бірінде берген сұхбаты барысында елдегі карантиндік шектеулер аяқталған соң, әншілер жиналып, "шегіртке" дегендерді сотқа бермек екенін айтқан болатын.


Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің әйелі де төтенше жағдай кезіндегі көпшілікке ортақ талапты орындамағаны үшін даулы оқиғаға тап болды. Әлеуметтік желіге сән салонына барып, шашын боятқан суретін салған тележүргізуші Нұрбигүл Егізованы желі пайдаланушылары "карантин режимін бұзды" деп айыптаған еді.


Жаһандық індет адамның атақ-даңқы, лауазымы, бет-әлпетіне қарап жатқан жоқ. Инфекция жұқтырғандар арасында лауазымды тұлғалар да, сақтық шараларын бес саусағындай білетін дәрігерлер қауымы да бар.

Солардың бірі - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлиден 6 маусым күні коронавирус анықталған. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.


Сонымен қатар, Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасы коронавирус ошағына айналып, карантинге жабылды. Осы мәселеге қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аурухана қызметкерлерімен онлайн жиын өткізіп, аталған ауруханада туындаған мәселе бойынша басты сарапшыларды тыңдағанын жазды.


Нұр-Сұлтандағы негізгі мемлекеттік телеарналар мен радиоарналар орналасқан "Қазмедиа орталығы" басқарушы компаниясы" ЖШС жалға алушы компания қызметкерлері арасынан да COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар анықталды. Компания қатаң карантин шараларын қабылдап, 2020 жылдың 22 мамыры мен 7 маусымы аралығында ғимаратқа кіруге шектеу қойды. Осы орайда ҚР бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының 7 қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы мәлімдегенін айта кету керек.

Қазіргі таңда елімізде карантин шаралары жеңілдетіліп, бірқатар мекеме жұмысын қайта жандандырды. Қалаларда үйреншікті тіршілік орнай бастады. Дегенмен, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтқандай, әлеуметік-экономикалық жағдайды қалпына келтіру мақсатында жеңілдетілген карантиндік шаралар қалыпты өмір салтына түстік деген сөз емес. Пандемия, карантин жағдайында өмір сүріп үйрену қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы