Түркия Қазақстанға жаңа инвестициялық жобалар әкелуі мүмкін – СІМ
Екі ел арасындағы экономикалық байланыс жанданып келеді.
Түркия Қазақстандағы инвестициялық белсенділігін күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Сенатта өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Түркия қазірдің өзінде Қазақстандағы ең ірі инвестор елдердің бірі саналады. Әсіресе соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық байланыс айтарлықтай жанданған.
Бүгін Астанада өтетін бизнес-форум аясында қосымша келісімдерге қол қойылады. Алайда нақты инвестиция көлемін әзірге айта алмаймын. Себебі жаңа келісімдер қосылуы мүмкін. Бүгін жақсы көрсеткіштер жарияланады деп ойлаймын, – деді министрдің орынбасары.
Оның сөзінше, түрік инвесторлары Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпке, соның ішінде металлургиялық өнімдерді өңдеу саласына қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен өндіріс бағытындағы жобалар да белсенді дамып келеді.
Мәселен, Астана индустриялық кластерінде металл конструкциялары мен медициналық бұйымдар өндірісі жолға қойылған. Бұл бағытта түркиялық YDA компаниясы жұмыс істеп жатыр.
Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, жаңа инвестициялық келісімдер туралы толық ақпарат бизнес-форум қорытындысынан кейін жарияланады.
Еске салайық, кеше Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мемлекеттік сапармен Астанаға келді.
Сапар аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ Ердоған Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр.