13 Қараша 2026, 19:17 Фото: Абай облысының ПД баспасөз қызметі

Түнгі трассадағы қауіп-қатер: Абай облысында малға жарық шағылыстырғыш элементтер тағылуда

Абай облысында түнгі трассадағы қауіп-қатердің алдын алу үшін малға жарық шағылыстырғыш элементтер тағылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қараңғыда жолдағы малды жүргізуші тым кеш байқауы мүмкін. Жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту үшін Абай облысының полицейлері малға жарық шағылыстырғыш элементтер тағу жұмыстарын жүргізуде. Көлік фарасының жарығында олар малды алыстан көрінуге көмектеседі.

Мұндай жол апаттарының салдары адам өмірімен өлшенуде: өңірде малға қатысты болған жол-көлік оқиғаларында екі адам қаза тауып, тағы 18 адам жарақат алды. Алдын алу шараларымен қатар, полицейлер қараусыз қалған малды да анықтауда. Барлығы 11 438 бас мал уақытша ұстау орындарына қамалды. Оның 10 825-і ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің ақпараттық жүйесінде тіркелген болса, 613-і есепте жоқ болып шықты. Барлық мал иелеріне қайтарылды. Бұған дейін есепте болмаған 613 бас мал сәйкестендірудің қажетті рәсімдері — сырғалау, чиптеу және басқа да шаралар жүргізіле отырып, жүйеге тіркелді, - деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі. 

Абай облысы Полиция департаменті мал иелеріне ескертеді: жарық шағылыстырғыш элементтер – қауіпсіздіктің қосымша ғана шарасы. Ол малды үнемі қадағалауды алмастыра алмайды. Малды қараусыз жайып, жолға шығып кетуіне жол бермеңіз.

Ал жүргізушілер жол жиегінде мал пайда болғанда жылдамдықты азайтып, әсіресе қараңғы уақытта барынша мұқият болуы қажет. Мал иелерінің жауапкершілігі мен рөлдегі сақтық адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында су жаңа 15 машина тиелген екі жүк көлігі аударылып қалды. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Астана-Петропавл жолындағы апат: Комаға түскен полиция қызметкері қайтыс болды

Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды

Жол апатынан кейінгі жаңа өмір: Алматы тұрғыны протезбен жүріп, спортпен айналыса бастады