«Түлектерге уақыт берілуі керек»: Саясат Нұрбек грантты өтеу туралы айтты
Жас түлектерге грантты өтеуге қосымша уақыт беріле ме? Министр жауап берді
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік грантпен білім алған түлектердің грантты өтеу міндеттемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналист мемлекеттік грантпен оқыған биылғы түлектер 1 қыркүйектен кейін грантты өтеуге кірісуі керектігін атап өтті. Алайда еңбек өтілі жоқ жас мамандардың қысқа мерзімде жұмыс табуы қиын екенін айтып, осыған байланысты жұмысқа орналасуға берілетін мерзімді ұзарту жоспары бар-жоғын сұрады.
Министр жас түлектерге жұмыс іздеуге қосымша уақыт беру мәселесін қарастыруға болатынын айтты.
Шыны керек, түлектерге уақыт берілуі керек. Олар енді ғана оқу бітірді. Өзіңіз айтқандай, жұмыс өтілі аз. Үлкен қалаларда еңбек нарығы өте белсенді, бәсеке жоғары. Сондықтан бұл мәселені қарастыруға тырысайық, – деді Саясат Нұрбек.
Еске салайық, бұған дейін Саясат Нұрбек жасанды интеллект неге жоғары білімді алмастыра алмайтынын түсіндірді.
Сондай-ақ, ЖОО-ларда оқу мерзімі қысқаратынын айтты.