24 Тамыз 2026, 17:23 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Құрылтай сайлауына байланысты шетелдік әріптестеріне алғыс айтты

Қазақстандағы тарихи сайлауға байланысты бірқатар ел басшылары Тоқаевқа жылы лебізін жолдады. Президент оларға не үшін алғыс айтты?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы бір палаталы Құрылтай сайлауының сәтті өтуіне байланысты жылы лебіздерін жолдаған Ресей президенті Владимир Путинге, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға ризашылығын жеткізді.

Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысы бұл парламент сайлауы Қазақстан азаматтарының ынтымағын байқатып, халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың жарқын келешегі үшін жоғары деңгейде жауапкершілік танытқанын, нағыз отаншылдық үлгісін паш еткенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның жан-жақты жаңғыруы, саяси және экономикалық реформалар үздіксіз жүргізілетін үрдіске айналды. Құрылтай сайлауының қорытындысы көрсеткендей, еліміздің бағыт-бағдарын азаматтардың басым бөлігі қолдайды. Бұл Әділетті, Озық, Таза Қазақстан құру жөніндегі жоспарды ойдағыдай орындауға сенімді кепіл болады, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев достас мемлекеттер басшыларының өз елдерін орнықты дамытуға бағытталған жобалары мен бағдарламаларын табысты жүзеге асыруына тілектестік білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының атына ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ЕАЭК, ЭЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдар жетекшілерінің құттықтаулары келіп түсті.

Еске салсақ, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысын Құрылтай сайлауының өтуімен құттықтады. Ол Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар алдағы уақытта да нығая беретініне үміт білдірді.

Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады. Ол бұл сайлауды Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіретін маңызды оқиға деп бағалады.

Сондай-ақ, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.