Тоқаев: Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән берілетінін айтты. Президент бұл бағыт мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.
Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің әр өңірінде құрылыс қарқыны жоғары екенін атап өтті.
Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір жаңадан салынған нысандардың сапасына қатысты сын айтылатынын жеткізді.
Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады. Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жол саласындағы жағдайға да тоқталды.
Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған.
Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту қажеттігін айтты.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек.
Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет, – деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі бағыттарының бірін атады. Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдық кеңестермен тұрақты байланыс орнатуы қажет екенін айтты.
Тағы оқи отырыңыз: Аймақтардың үні Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетеді – Тоқаев