26 Тамыз 2026, 14:44 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Тоқаев оқулықтардағы «жалған қаһармандар» туралы аңыздарды сынға алды

Тоқаев тексерілмеген тарихи деректер бар оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқулықтарындағы тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды. Мемлекет басшысы мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтып, мұндай кемшіліктер орта білім сапасына кері әсер ететінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаевтың айтуынша, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» туралы аңыздарды ұсынуға болмайды.

Тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы, – деді Мемлекет басшысы тамыз конференциясында.

Президент жастарды үнемі жапа шеккен ұлт бейнесінен арылуға үндеді.

Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жастар өз халқының тарихын дұрыс түсініп, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауы керек.

Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс, – деді Президент.

Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп бағдарламасындағы қайталанатын тақырыптар қайта қаралатынын айтты. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда білім мазмұны толық қайта қаралып жатыр. Алдымен бастауыш білім беру бағдарламасындағы пәндер мен олардың барлық тақырыптарына талдау жүргізілген.

Тағы оқи отырыңыз: Оқулықтардан «жаға ұстататын» қателер табылған: Министр жағдайды түсіндірді 

Қағазбастылық, тексеріс және жөндеу жұмыстарына тарту: Тоқаев мұғалімдерді қорғауды тапсырды