Тоқаев мәслихат сайлауына қатысты маңызды тапсырма берді
29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауға дайындық барысы Президентке баяндалды. Мемлекет басшысы қандай мәселеге ерекше назар аударды?
Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2026 жылы 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы бойынша сайлау органдарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде ақпарат берілді.
Президент сайлауды «Заң және тәртіп» конституциялық қағидаты негізінде өткізу, кандидаттар мен саяси партиялардың барлығына тең жағдай жасау маңызды екенін атап өтті, - делінген Ақорданың хабарламасында.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта депутаттық корпустың жаңаруы жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне баса назар аударды.
Еске салайық, Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Ел бойынша 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған.
Бұған дейін Қазақстанда мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындысы жарияланғаны хабарланды. 1 қараша сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша, ел аумағында 10 971 кандидат тіркелген. Бірмандаттық округтерде бір депутаттық орынға орта есеппен үш адамнан келеді.
Тағы оқи отырыңыз: Мәслихат сайлауына қанша қаржы жұмсалады? ОСК жауап берді
Қай түспен кімге дауыс береміз? Мәслихат сайлауының бюллетеньдері таныстырылды