Қай түспен кімге дауыс береміз? Мәслихат сайлауының бюллетеньдері таныстырылды

Мәслихат сайлауында бюллетеньдер төрт түсті болады.

2 Қараша 2026, 13:05
АВТОР
 видеодан скриншот 2 Қараша 2026, 13:05
2 Қараша 2026, 13:05
147
Фото: видеодан скриншот

Мәслихат депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньдердің көгілдір, жасыл, күлгін және қызғылт сары түсті үлгілері әзірленді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОСК отырысында Азамат Айманакумов 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының сайлауында қолданылатын бюллетеньдердің үлгілерін таныстырды. Оның айтуынша, бюллетеньдердің түсі мәслихат деңгейіне және депутаттарды сайлау тәсіліне байланысты ерекшеленеді. Барлығы А5 форматындағы екіжақты бланк түрінде әзірленген.

Бюллетеньдердің түсі нені білдіреді?

Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарына дауыс беру үшін көгілдір түсті бюллетень ұсынылған. Онда саяси партиялардың атаулары жеребемен айқындалған ретпен көрсетіледі.

Осы деңгейдегі мәслихаттардың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарына дауыс беруге жасыл түсті бюллетень әзірленген.

Ал облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлауға арналған бюллетень күлгін, аудандар мәслихаттарының депутаттарын сайлауға арналған бюллетень қызғылт сары түсті болады.

«Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі

Азамат Айманакумовтың түсіндіруінше, бюллетеньнің бірінші бетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы мен сайлау бюллетенінің атауы орналасады. Екінші бетінде саяси партиялардың атаулары немесе кандидаттар туралы мәліметтер, «Бәріне қарсымын» деген жол және бюллетеньді толтыру тәртібі беріледі.

– Бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайлау бюллетеньдеріне мемлекеттік тілдің әліпбилік тәртібімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, барлық тіркелген кандидаттар және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне жеребемен айқындалатын тәртіппен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі, – деді ол.

Екі тілде басылып, бір пайыз резервпен дайындалады

ОСК мүшесінің айтуынша, бюллетеньдер мемлекеттік тілде және орыс тілінде басылады.

– Сайлау бюллетеньдері сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде, сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы көлеміндегі резервпен дайындалады, – деді Азамат Айманакумов.

Ол сайлау комиссияларының осы бағыттағы міндеттерін де түсіндірді. Орталық сайлау комиссиясы бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін және қорғалу дәрежесін белгілейді.

Аумақтық сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша сайлауға арналған бюллетеньдердің мәтінін белгілейді. Сондай-ақ мәслихат сайлауы бюллетеньдерін дайындап, олардың округтік және учаскелік сайлау комиссияларына жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ал бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдердің мәтінін округтік сайлау комиссиялары белгілейді.

Айта кетейік, бұған дейін «Ауыл» бірінші, «Әділет» жетінші: Партиялардың бюллетеньдегі орны анықталды. 

Наверх