29 Қыркүйек 2026, 20:19 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев: Германиядан Қазақстанға 8 млрд доллар инвестиция тартылды

Қазақстан Президенті Германиямен инвестициялық байланыстардың ауқымын атап өтті. Қазір елімізде неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген.

Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
 
Мемлекет басшысы Германияға шақырғаны үшін Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтып, жоғары деңгейдегі қарқынды байланыс екіжақты әріптестіктің стратегиялық және жан-жақты сипат алғанын айқындайтынын жеткізді.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі екеніне назар аударды. Елдерімізді берік достық пен өзара сенім байланыстырады. Сондай-ақ ынтымақтастықты дамытуға мол әлеует бар.

Бүгінде ауқымды бағытты қамтыған қарым-қатынасымыз сенімді түрде дамып келеді. Оған үкіметтеріміз бен екі ел іскерлік топтарының дәйекті байланысымен беки түскен жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сапарымның қарсаңында Берлинде Үкіметаралық жұмыс тобының отырысы мен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің өтуі қос тараптың өзара тиімді серіктестікті жандандыруға ынталы екенін көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетті. Биыл да оң қарқын сақталып отыр. Жыл басынан бергі 7 айда өзара сауданың көлемі 2,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. Жиырма жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құрады. Германияның CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde секілді жетекші компанияларымен байланыс – ықпалдастығымыздың жарқын үлгісі, – деді Қазақстан Президенті. 

Келіссөз барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мәселесіне айрықша мән берілді. 

Атап айтқанда, мемлекеттер басшылары білім, медицина және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты одан әрі жандандыруға бейіл екенін растады. 

Айта кетейік, Қазақстан Президентінің Германияға ресми сапары басталды. Берлинде Тоқаевты салтанатты рәсіммен қарсы алып, кейін келіссөзге жол тартты.

Қазақстан мен Германия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың нәтижесі мен болашағы сөз болды.