Тоқаев дарынды жастарды тәрбиелеп жүрген мұғалімдер мен тәлімгерлерге алғыс айтты
Президент дарынды жастардың жетістігіне үлес қосып жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстанның AI саласындағы мақсатына тоқталды.
Жасанды интеллект бойынша IOAI 2026 халықаралық олимпиадасының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарға білім беруге атсалысып жүрген барша мұғалімге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз де осы өзгерістермен қатар дамып келеміз. Жасанды интеллект, машиналық оқыту, үлкен деректер және басқа да заманауи технологиялар экономиканы, білім беру саласын, ғылымды, мемлекеттік басқаруды және ең соңында адамдардың өмір сүру салтын түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан Қазақстан цифрлық даму бағытында стратегиялық таңдау жасады. Еліміз әлемдегі жетекші технологиялық мемлекеттердің қатарына қосылу үшін барлық қажетті жағдайды жасап жатыр, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев атап өткендей, Қазақстан БҰҰ-ның электронды даму индексі бойынша 193 елдің ішінде 24-орында тұр.
Біз жасанды интеллект мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, экономиканы жаңғыртуға, бизнесті қолдауға және қоғам өмірінің барлық саласын дамытуға қызмет ететін біртұтас инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Былтырңы Қазақстан халқына Жолдауымда елімізді алдағы үш жыл ішінде толық цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айқындаған едім. Осыған байланысты 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып белгіленді, - деп айтты Тоқаеа.
Инновацияға негізделген еліміздің ұзақ мерзімді даму бағыты биылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда да көрініс тапты.
Алайда бұл – ауқымды өзгерістердің бастамасы ғана. Осыған орай біз сапалы білім беруге және дарынды балаларды жан-жақты қолдауға ерекше мән береміз. Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Бұл – еліміз мақтан тұтатын жетістік. Бұл жас ұрпағымыздың орасан зор интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін тағы бір рет айқындады. Осыған орай мен дарынды жастарымызға білім беруге атсалысып жүрген мұғалімдер мен ұстаздарға, тәлімдерге шынайы алғысымды білдіргім келеді, - деп айтты Президент.
Еске сала кетейік, әлемнің ең дарынды жас AI мамандары Астанада бас қосты.
600 мың халқы бар Кабо-Верде арал мемлекеті құрамасы IOAI 2026 олимпиадасына жарты жылға жуық дайындалған.
Тағы оқи отырыңыз: IOAI 2026: Тоқаев Астанаға жарысқа жиналған оқушыларға сәттілік тіледі