Тіл мен ойды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды – Ербол Тілешов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы онлайн ойталқы ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – еліміздің өңірлеріндегі Тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді қарапайым деңгейден бастап базалық, орта, ортадан жоғары деңгейлерге дейін меңгерген Қазақстан азаматтарымен, яғни тіл үйренушілермен пікір алмасу, қазақ тілін деңгейлеп меңгеру жолындағы жетістіктері жайлы ой бөлісу.
Онлайн ойталқыға Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Павлодар, ШҚО, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарынан әр сала қызметкерлері, В1, В2 деңгейлерінің тіл үйренушілері қатысты.
Ортаға салынған алғашқы сауал «Әр өңірлердегі оқыту орталықтарының жыл бойғы сабақтары қаншалықты тиімді болды? Нәтижеге қалай қол жеткіздіңіздер? Үй тапсырмасына қаншалықты көңіл бөлесіздер?» деп басталса, бұдан әрі «Отбасында, қоғамдық орындарда, ұжымда, қызметте қазақша сөйлесесіз бе? Сабақтағы оқу материалдары мен практиканың өзара байланысы бар ма?» дегенге ойысты.
Қатысушылар қызу пікірталасқа түсіп, өз ойларын мейлінше ашық білдірді. Әсіресе, мемлекеттік тілді меңгерудегі өзге ұлт өкілерінің өз тәжірибелерінен терең толғаған пікірлерінің әдістемелік тұрғыдан тиімділігі өз алдына, адами жағынан да жүрекке жылы тиіп жатты.
Орталықтың атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовтің айтуынша, тіл мен ойды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды.
Кешегі кеңестік дәуір «Тіл – қатынас құралы» деп танып, осы қағиданы берік ұстанды. Шынтуайтында, бұл тілдің көп функцияларының бірі ғана еді. Тіл ғылымы адамды зерттейді. Керек десеңіз, тіл мен ойды бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Ішкі сезімдеріміздің өзін сөзбен өрнектейміз, яғни психологиямызды қалыптастырады. Бұл тұрғыда әлемдік лингвистика тарихында Гумбольдтың есімі құрметпен аталса, қазақ топырағында Ахмет Байтұрсынұлының аты ауызға алғаш ілігеді, - дейді ғалым.
Оның айтуына қарағанда, дүниежүзіндегі 7 мыңға жуық тілдің 195-і ғана мемлекеттік мәртебеге ие болып отыр. Бұдан басқа автономдық сипаттағы тілдер де бар. Мәселен, Үнді елінде мемлекеттік мәртебеге ие болған 23 тілдің ішінде үнді мен ағылшын тілі оқ бойы озық тұрады.
Сондықтан тарих аренасына шыққан ана тіліміздің ұлылығына құр тамсанып қана қоймай, өрісі кеңеюі үшін қызмет жасауымыз қажет. Әлбетте, жақсы озық үлгі бар, әйтсе де, тәжірибе көрсетіп отырғандай, проблемалар да жоқ емес. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын негізгі өзек етіп отырған бұл басқосудың басты тақырыбы осы төңіректе болды, - деді Ербол Тілешов.
Еске сала кетсек, еліміз бойынша азаматтар қазақ тілін А1 деңгейінен С1 деңгейіне дейін тегін үйренеді. Мемлекеттік қызметшілер жыл сайын бір деңгейден екінші деңгейге өту үшін ҚазТЕСТ жүйесі арқылы арнайы тестілеуден өтеді. Бұл тіл үйренушілер үшін үлкен жетістік болса, оқытушылар еңбегінің де жақсы көрсеткіші екені анық.
Әрине, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына біраз уақыт өтсе де, өкінішке қарай, қазақстандықтардың біраз бөлігі қазақша сөйлеп кете қойған жоқ. Мемлекеттік қызметте, өндірісте, ғылымда, бизнесте әлі күнге кең өріс ала алмай отыр.
Ендеше, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында қазақ тілін оқыту сапасы мен әдістемесін жетілдіру, заманауи талаптарға жауап бере алатын оқулық, оқу құралдарын әзірлеу секілді міндеттер тұрғаны анық.