Бүгiн 2026, 21:19 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Тасқын қаупі: Алматы облысында жол қозғалысына шектеу қойылды

Жауапты мекеме жүргізушілерден жолға шығар алдында бағытын алдын ала жоспарлап, енгізілген уақытша шектеулерді қатаң сақтауды сұрады.

Алматы облысында нөсер жауын-шашын салдарынан облыстық маңызы бар КВ-49 «БАК каналы бойындағы автомобиль жолында» көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Алматы облыстық ТЖД мәлім етті.

Алматы облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, шектеу 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.

Мамандардың айтуынша, Еңбекшіқазақ ауданындағы таулы аумақта жауған нөсерден кейін Түрген өзенінің су деңгейі көтеріліп, ағысы күшейген. Соның салдарынан жол қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп туындап, көпірді су шайып кету қаупі артқан.

Осыған байланысты аталған автожолда барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.

Жауапты мекеме жүргізушілерден жолға шығар алдында бағытын алдын ала жоспарлап, енгізілген уақытша шектеулерді қатаң сақтауды сұрады.

Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстанып, ресми органдардың хабарламаларын назарда ұстауға шақырды.

Еске салайық, бүгін Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын. 

Сонымен қатар редакцияға Алматы облысына қарасты Іргелі және Көксай ауылындағы жағдайдың видеолары да келіп түсті