Таиландта бір үйдің балалары жұмбақ жағдайда жоғалып кетті
Олар өздерін біреулер телефон арқылы аңдып жүрген деп күмәнданған.
Таиландта із-түзсіз жоғалған әпкесі мен інісін іздеу жұмыстары бесінші күнге жалғасып жатыр. Тергеу барысында полиция жерге көмілген мотоциклді тауып, куәгерлерден жауап алып, екі күдіктіге шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Shot Telegram-арнасының хабарлауынша, бес жыл бұрын Ресейден Таиландқа қоныс аударған 22 жастағы Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Роман Назимов үйден мотоциклмен шығып кеткен. Олардың кеткен сәті бейнебақылау камераларына жазылып қалған.
Арада небәрі 26 минут өткенде Диананың телефонынан анасына «Urgent!» («Шұғыл!») деген жалғыз хабарлама келген. Сол уақытта оның телефоны соңғы рет үйден шамамен 200 метр жерден анықталған. Осыдан кейін олармен байланыс толық үзілген.
Жоғалып кетер алдында Диана анасына iPhone телефоны белгісіз Bluetooth құрылғысын анықтағанын айтып, біреулер өзінің жүрген жерін бақылап жүрген болуы мүмкін деген күдігін жеткізген. Осыдан кейін анасы Паттайя қаласының полициясына жүгінген.
Тергеу барысында жоғалғандардың қара-сұр түсті Honda ADV 150 мотоциклі бөлшектелген күйде жерге көмілген жерден табылды. Полиция көлікті мемлекеттік нөмірі арқылы таныған.
Thai PBS, Khaosod және The Thaiger басылымдарының мәліметінше, Диана мен Роман 26 шілде күні таңғы сағат 04:00 шамасында үйден шыққан. Бейнебақылау камералары олардың мотоциклінің соңынан тағы бір мотоциклдің біраз уақыт бойы еріп жүргенін тіркеген.
Қазіргі уақытта Таиланд полициясы куәгерлерден жауап алып, ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, екі күдіктінің ізіне түскен.
Еске салайық, бұған дейін сыйақы үшін Бангкоктан Алматыға біреудің чемоданын алып келген бойжеткен сотталып кетті.
Тағы оқи отырыңыз:
Дәрігерлер Таиландтан эвакуацияланған нәрестені аман алып қалды
Таиландта жол апатына себеп болған қазақстандық кепілдікпен босатылды