Пхукетте шала туған нәресте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында екі ай бойы өмірі үшін күресті. Көптеген ем-шарадан кейін нәрестенің бүгін жағдайы жақсарып, мамандардың бақылауымен оңалтуды жалғастыру үшін үйіне шығарылған.
Кішкентай Аслан Әлиев 1 ай 18 күндік кезінде санитариялық авиация ұшағымен Алматы қаласына ауыр асқынулармен және дене салмағының өте төмен болуына байланысты жеткізілді. Ол бірден ПБХҒО-ның жаңа туған нәрестелердің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Қазақстандық дәрігерлер екі айдан астам уақыт бойы оның өмірін сақтап қалу үшін күресті, - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
ДСМ
Қарқынды терапия барысында Орталық мамандары нәрестенің өміріне қауіп төндіретін жасырын ішек перфорациясын дер кезінде анықтаған.
Дәрігерлер консилиумының қорытындысы бойынша шұғыл хирургиялық араласу жүргізу туралы шешім қабылдады. Балалар хирургтері патологияны сәтті жойып, нәрестенің өмірін сақтап қалған операция жасады. Операциядан кейінгі кезеңде сәби неонатологтар, анестезиолог-реаниматологтар, балалар хирургтары, мейіргерлік қызмет мамандары және басқа да медицина қызметкерлерінен құралған мультидисциплинарлық топтың тәулік бойы бақылауында болды. Кешенді емнің, заманауи технологиялардың және медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында баланың жағдайы тұрақтанды, - деді ведомство өкілдері.
Емдеу барысында Асланның салмағы 1200 грамға артқан. Бүгінде оның дене салмағы 2500 грамды құрайды. Нәресте оттегі қолдауынсыз өздігінен тыныс алады, табиғи жолмен қоректенеді, ішек қызметі қалпына келуде. Бұл оған мамандардың бақылауымен емдеу мен оңалтудың келесі кезеңін үй жағдайында жалғастыруға мүмкіндік береді.
Емдеудің әр кезеңі мұқият клиникалық шешімдер қабылдауды және бүкіл команданың барынша жұмылдырылуын талап етті. Уақтылы ұйымдастырылған медициналық эвакуацияның, жедел диагностиканың, шұғыл хирургиялық араласудың және мамандардың кәсіби біліктілігінің арқасында баланың өмірін сақтап қала алдық. Сондай-ақ сәбидің отбасы қымбат тұратын медициналық көмектің толық көлемін мемлекет есебінен тегін алғанын ерекше атап өткім келеді, – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Абай Құсайынов.
Еске салайық, бұған дейін алматылық дәрігерлер денесінің 90%-ы күйген науқасты аман алып қалғаны хабарланды.