Бүгiн 2026, 15:48 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Сотты шатастырмаңыз: Жанабыловтардың адвокаты тергеуге қарсы шықты

Жанабыловтар ісінде жаңа дау: адвокат тергеу уәждерін жоққа шығарып, ақша қозғалысына қатысты сұрақтарды күшейтті. Сотта не айтылды?

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысы барысында айыпталушылардың адвокаты куәгер-тергеуші Абзал Әлімхановтан жауап алып, ақша қозғалысы мен банк шоттарына қол жеткізуге қатысты айыптау уәждеріне күмән келтірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қорғаушы тарап іс материалдарында депозиттік шоттан қаражат алынбағанын растайтын банк көшірмелері бар екенін мәлімдеді.

Ақша депозиттік шоттан алынған жоқ. Ол қайтадан «Жанна Бизнес» ЖШС-нің есепшотына аударылған және бұл қаражат әлі күнге дейін сол жерде тұр. Сондықтан сотты шатастырмаңыз, – деді адвокат.

Осыдан кейін қорғаушы нақты қолма-қол ақшаға айналдыру фактісі болмаған жағдайда, тергеу органдары қаражатты жасыруды қандай негізде алға тартып отырғанын түсіндіруді талап етті.

Сұрақтардың тағы бір бөлігі Ерболат Жанабыловтың компанияның банк шоттарына қол жеткізуі туралы болжамға қатысты болды.

Адвокат банктерге оның сенімхаты, қол қою құқығы, қаражат алу фактілері немесе шоттарға билік етуге қатысты өзге де өкілеттіктері бар-жоғына байланысты сұрау салулар жіберілген-жіберілмегенін нақтылады.

Тергеуші бұл шот ерлі-зайыптылар болғандықтан ортақ ретінде қарастырылғанын айтты.

Бұған жауап ретінде қорғаушы «Жанна Бизнес» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры Эльмира Төлегенова екенін, ал қол қою құқығы бір ғана тұлғаға тиесілі екенін жеткізді.

Сонда сіздер тек олардың ерлі-зайыпты екеніне ғана сүйеніп отырсыздар ма? – деген сұрақ сотта қойылды.

Тергеушінің жауабынан кейін адвокат қосымша сұрақтары жоқ екенін мәлімдеді.

Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Бұған дейінгі, яғни 2026 жылғы 14 сәуірде өткен сот процесінде келесі отырысқа тергеуші Абзал Әлімханов шақырылатыны белгілі болды.

Айта кетейік, елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сотта айыпталушы Эльмира Төлегенова "Біз заң бұзғанымызды мойындаймыз" деді. Даулы мәлімдеме жасап,  істегі куәгер ретінде өтіп жатқан IT-маман Сұңғат Өтеболатов тергеу қысымынан кейін айыпталушылардан ақша сұрағанын айтты. Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

Бұған дейін Жанабылов "Бізді қылмыскер етіп көрсетті" деп, алғашқы сотта сөйлеуге дайын болмағанын жазған едік. Сонымен қатар, Ерболат Жанабылов тергеуші қысым жасағанын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Жанабылов өзіне тағылған айыпты жартылай мойындады.