Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартса, ештеңесіз қаламыз деп қорқады – елші
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик Корей түбігендегі ымыраға келу процесінде үш маңызды принципті ұсынды.
Қазір елордада "Корей түбегіндегі бейбітшілік және қосылу: Қазақстан тәжірибесі" тақырыбында семинар өтіп жатыр. Яғни, Оңтүстік және Солтүстік Кореяның 1950 жылы басталған соғысын тоқтату мәселесі талқыланып жатыр. Ал дипломат Ким Дэсик Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуында Қазақстанның рөлі айрықша деп атап өтті. Себебі Қазақстан бұл процесті өз тәжірибесінде сынап көрді және нәтижесі өте жақсы болды деген ойда.Егер Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартса, ештеңесіз қаламыз деп қорқады. Мен мемлекет өкілі ретінде Солтүстік Кореяның гүлденгенін және қосылғанын қалаймын. Солтүстік Корея бізді тыңдамауы мүмкін. Дегенмен Оңтүстік Корея Солтүстік Кореяның дамуы үшін алға қойған жұмысымызды тоқтатпауымыз керек. Бірақ біздің үнімізді естімесе, онда қосылу қиындайды. Бар ойымыз: Оңтүстік Корея демократиялық ел болып дамып жатқанда, Солтүстік Корея артта қалып қоймау керек. Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин ел басшылығына келген күннен бастап, Корей түбегіндегі ымыраға келу процесін қолға алды және дұрыс жолды таңдады. 3 рет саммит өткізді. Бұрын Солтүстік Корея тарапынан мұндай диалог құру қиын болатын. Ал Қазақстан қалай әсер ете алады? Қазақстан оң әсер ете алады. Себебі Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, әлемге үлгі болған мемлекет ретінде Корей түбегіндегі ымыраға жақсы ықпал етеді. Қазақстан Солтүстік Кореяға: "Ақшаңызды керексіз дүниеге жұмсамай, керісінше, ядролық қарудан бас тартуға жұмсаңыздар және біз секілді тұрақты әрі сенімді дамыңыздар" дей алады, - деді Ким Дэсик.
Сонымен қатар, Оңтүстік Корея елшісі Корей түбегіндегі ымыраға келу процесіне қол жеткізу үшін 3 принципті ұсынды.
Қос Кореяның арасындағы қаншама жылдан бері келе жатқан соғысты тоқтатып, ядролық қарудан бас тартып, Солтүстік Корея халқының демократиялық жолға қол жеткізуі үшін үш принципті атағым келеді. Бірінші, Соғысты тоқтату; екінші, қауіпсіздікке кепілдік беру; үшінші, қоғамдық даму және жүлдену. Алғашқы принципке тоқталсам, бейбітшілікке қол жеткізу үшін алдымен, 1950 жылы бастаған соғысты тоқтату керек. Біз мұны "Соғыс 6.25" деп атаймыз. Себебі 25 маусым күні Солтүстік Корея Оңтүстікке соғыс ашып, шабуыл жасады. Екінші принципке келсем, қауіпсіздікке кепілдік берілу керек. Себебі қауіпсіздікке кепілдік болған жағдайда ғана, біз бірлесе даму жолын жалғастыра аламыз. Үшінші, екі ел бірлескен жобаларды қолға алып, Солтүстік Кореяға жаңа технологияларды енгізу керек. Солтүстік Кореяның ресурсы көп. Сондықтан біз осы бағытта жалғастыруымыз керек, - деді елші.Сондай-ақ семинарда ҚР сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаменті диреткорының орынбасары Берік Әбдішев "Қазақстан-корей қатынасы", ҚР президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Санат Құшқымбаев "Корей түбегіндегі денуклеризация мәселелері: Қазақстан көзқарасы" деген тақырыптарда баяндама жасайды.
Осы жылдың наурыз айында BAQ.KZ тілшісі Корей мәдениет және ақпарат қызметінің арнайы шақыруымен Оңтүстік Кореяға іссапармен барып, "Корей түбегіндегі ымыраға келу процесі" туралы арнайы репортаж әзірлеген болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы