Бүгiн 2026, 13:01 Фото: pixabay.com

Шымкентте сегіз баланың анасы отбасының көз алдында өртеніп кетті

Шымкентте болған алапат өрттен көпбалалы ана қаза тапты. Отбасы мүшелері зардап шегіп, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағынауданында болған өрт салдарынан 39 жастағы әйел көз жұмды. Марқұм жұбайымен бірге сегіз бала тәрбиелеп отырған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шыққан сәтте отағасы әйелін құтқаруға тырысқан. Алайда жалын оның денесінің шамамен 80 пайызын шарпып, аман алып қалу мүмкін болмаған. Ер адам да аяқ тұсынан күйік алған.

Оқиға кезінде үйдегі жеті бала сыртқа шығып үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, өрт ішіндегі анасын 17 жастағы ұлы алып шыққан. Алайда ол да күйік жарақатын алған. Ал отбасының үлкен қызы қатты күйзеліске түскені айтылып отыр.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, отбасы көрпе-төсек пен мақта матрастар тігіп, нәпақасын тауып келген. Болжам бойынша, өрт аулада орналасқан шағын өндіріс орнындағы жарылыстан басталып, кейін бүкіл үйге тараған.

Аталған қайғылы оқиғаға қатысты Шымкент қаласының Полиция департаменті түсініктеме берді. 

Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету жайты бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеп-тексеру нәтижесімен іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады ведомство.

Қайғылы жағдайдың нақты себептері тергеу нәтижесінде белгілі болады.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда оқу орталығы өртеніп, 15 адам көз жұмғаны хабарланған болатын. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Сондай-ақ, Астанада 13 қабатты тұрғын үйден өрт шыққанын жаздық.