Шығыс Қазақстан облысындағы кеніште 7 адам зардап шекті
Артемьев кенішіндегі жол апаты: Жұмысшылар жарақаттанды.
Артемьев шахтасында жол талғамайтын көлік тізгінге ие бола алмай қалды. Көлік ішінде 7 жұмысшы болған, олардың барлығы түрлі деңгейдегі жарақаттар алды. Еңіске қарай бара жатқан көліктің тежегіші істен шыққан.
BAQ.KZ тілшісіне белгілі болғандай, 26 сәуірде KAZ Minerals компаниясына қарасты Артемьев кенішінде жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.
Айта кетейік, Артемьев кеніші Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха ауданы, Усть-Таловка ауылының маңында орналасқан.
Оқиға кезінде автокөлік +110 метр белгісіндегі көлік еңісімен қозғалып бара жатқан.
Сағат 21:17-де қозғалыс кезінде Nissan Patrol автокөлігінің тежегіші істен шықты. Көлік төмен қарай сырғи жөнелген. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай, қол тежегішін де қоса алмаған. Соның салдарынан +84 метр белгісінде Nissan Patrol көлігі алдында бара жатқан Sandvik DD 311 өзі жүретін бұрғылау қондырғысына соқтығысқан, - делінген кеніш қызметкерлерінің хабарламасында.
Соқтығысу нәтижесінде көлікте болған «РазведПром» ЖШС мердігерлік ұйымының 7 қызметкері зардап шекті. Олардың арасында бес бұрғылау қондырғысының машинисі, жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарь және тау-кен шебері болған.
Зардап шеккендердің ең кішісі 2002 жылғы болса, ең үлкені 1977 жылы туған. Оларға аяқ-қолдың жабық сынықтары, сырылу, жыртылған жаралар және кеуде қуысының соғылуы диагнозы қойылған.
Апаттың алдын ала себептері: автокөліктің техникалық ақауы; қауіпсіздік талаптары мен жол қозғалысы ережелерін бұзу (5 орындық көлікте 7 адам болған).
Оқиғадан кейін апат болған жер қоршауға алынып, «РазведПром» ЖШС жұмыстары тоқтатылды. 27 сәуір күні таңертең барлық жеңіл автокөліктердің техникалық жай-күйін тексеру басталды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Жол апаты орын алған KAZ Minerals тобы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді:
Біз бұл фактіні растаймыз. Олар KAZ Minerals қызметкерлері емес, мердігер ұйымның қызметкерлері мен техникасы. Бізде олардың техникалық қауіпсіздік деңгейіне қатысты сұрақтар бар және біз мұны қарастыратын боламыз, - деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта екі зардап шегуші Өскеменде, екеуі тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық ем алуда, ал үш қызметкер Шемонаиха аудандық орталығында емделіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында шахтада 4 сағат үйінді астында жатқан кеншінің жағдайы белгілі болды.
Сондай-ақ, Абай облысындағы Орлов шахтасында бір адам қаза тапқан еді. Марқұмның артында үш баласы қалды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Тағы оқи отырыңыздар:
Ақмола облысындағы шахтада жұмысшы өлі күйінде табылды
Ақмола облысында шахтаға заңсыз кірген ер адам қаза тапты
Абай облысында газдан уланған жұмысшы қаза тауып, тағы біреуі ауруханаға түсті