Шүменовті босатқан полицейлер қызметінен кетті
Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, белгілі боксшы Бейбіт Шүменовтың ісіне қатысы бар полицейлер қызметінен босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
18 маусымда атақты қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов Астананың ірі сауда орталығында бала көтерген ер адаммен жанжалдасып, оған бірнеше рет соққы жасаған. Тәртіп бұзушыларды Есіл аудандық полиция департаментінің учаскесіне апарған, алайда полиция қызметкерлері екі тарапты да сол күні босатқан.
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Есіл ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы қызметінен босатылды. "Есіл" ауданы ПБ жедел кезекшісі және аға учаскелік полиция инспекторына (ППП жұмысын ұйымдастыруға жауапты) қызметіне сәйкес ескерту жасалды. Есіл ауданы ҚП бастығының орынбасары атқаратын қызметінен босатылды, аудандық басқарма бастығына сөгіс жарияланды,-деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Қазір Бейбіт Шүменов мемлекетаралық іздеуде. Бұған дейін бұл жағдайға ІІМ түсініктеме берген болатын.
Аталған оқиғадан кейін қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов сауда орталығындағы жанжал туралы өзінің жеке парақшасында жазған еді. Оның жұбайы жанжалдан кейін АҚШ елшілігіне жүгінген болатын.
Аударған: Саяжан Құдайберген