Шерзаттың анасының айқайлап жатқанына қарамай, одан сайын соғып жатырсыз – прокурор
Талғардағы атышулы іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белғожаевтың Шерзат Болатты ұрған сәті көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта прокурор Дана Сәрсенбай сотталушы Шыңғыс Белғожаевқа видеожазбада екі жәбірленуші (Шерзат Болат пен Нұрқанат Ғайыпбаев) жерде жатқанда бірінші болып жеткенін айтты.
Мен барған кезде марқұм Шерзат отырды. Мен сол кезде ұрдым, - деді Шыңғыс Белғожаев.
- Жас баланың жерде жатқанын көріп тұрсаңыз, онда не үшін соқтыңыз?
- Мен ол кезде шатастырып соқтым.
- Не істеп шатастырып соқтыңыз?
- Мен мылтық атқан сақалдыны ұрайын деп барғанмын. Кейін видеодан көргенімде шатастырып, Шерзатты ұрғанымды байқадым.
- Сотталушы, ол жерде екеуі (Шерзат Болат пен Нұрқанат Ғайыпбаев) екеуі түрлі киімде. Шерзат Болат қызыл киімде болған. Ғайыпбаев қара киімде болған. Қалай қара түс пен қызыл түсті шатастыруға болады?
Сотта оқиға болған күні Шерзатты ұрған сәт көрсетілді. Видеода оқиға орнындағы адамдар жедел жәрдем шақыруды сұрап, айғайлап жатыр. Видеода бір топ адам екі адамды соққының астына алып жатыр.
Видеода (Шерзаттың) қызыл киімде екені анық көрінеді. Белғожаев, сіз шатастырып алдым деп айтып отырсыз. Бірақ топтағы қалған балалар бері қарай шегінген кезде сіз анасының айқайлап жатқанына қарамай, одан сайын соғып жатырсыз. Жерде жатқан баланы не мақсатпен соқтыңыз? – деп сұрады прокурор.
Белғожаев қараңғы болғандықтан анасын байқамағанын айтты.
Видеодағы мен шатастырып, Шерзатты ұрып, тептім. Қолымда ештеңе болған жоқ. Ғайыпбаевты ұрған жоқпын, - деп жауап берді ол.
Бұған дейін мәлім болғандай, Талғардағы атышулы істің сотында айыпталушы Азамат Тоқтаубаев Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сотта жауап берген болатын. Белгілі болғандай, ол бұрын сотты болған. Азамат Тоқтаубаев Дархан Әскентай жайлы жалған айғақ бергенін айтты.
Сонымен қатар, Шерзат Болат ісі бойынша сотта кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынды.
Шерзат Болат өлімі бойынша өтіп жатқан сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белғожаев болған оқиға жайлы өз нұсқасын айтты. Сөзінше, ол мылтық атқан сақалдыны ұрамын деп барған, бірақ Шерзатты ұрыпты.
Сот отырысында сотталушы Шыңғыс Белғожаев та тергеу органдары қысым көрсеткенін айтып, бұған дейінгі жауабынан бас тартты.