Шайдың құрамында бояғыш бар-жоғын қалай анықтауға болады?
Шай суға түсе салысымен қою түске боялса, оның құрамында жасанды бояғыш бар ма деген сұрақ туындайды. Шайды үй жағдайында қалай тексеруге болады және нақты қорытындыны қандай әдіс береді? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев айтып берді.
Маманның сөзінше, үйде шайдың түс беру жылдамдығын байқауға болады. Ол үшін бір стақан суық суға аз мөлшерде құрғақ шай салады. Егер су бірден қанық қоңыр түске боялса, бұл өнімді мұқият тексеруге себеп болуы мүмкін.
Шайды ақ майлыққа салып, үстінен аздап су бүркуге де болады. Майлықта бірден айқын сары, қызғылт сары немесе қоңыр дақ пайда болса, бұл да күмән тудырады. Бірақ үйдегі сынақтар бояғыш бар екенін нақты дәлелдемейді, - деді Мұхамғали Арыспаев.
Оның айтуынша, кейбір тұтынушылар демделген шайға лимон қосып, түсінің өзгеруіне қарай қорытынды жасайды. Алайда бұл тәсіл де сенімді нәтиже бермейді. Шайдың түсіне оның түрі, ұсақталу дәрежесі және демдеу тәсілі әсер етуі мүмкін.
Шай құрамындағы бөгде бояғышты анықтау үшін зертханалық талдау қажет. Ол үшін хроматография және спектрофотометрия әдістері қолданылады, - деді департамент басшысының орынбасары.
Мұхамғали Арыспаев шай сатып аларда қаптамадағы құрамын, өндіруші туралы мәліметті және өндірілген мекенжайын қарауға кеңес берді. Қоспасыз шайдың құрамында шай жапырағы көрсетілуі керек. Ал жеміс-жидек дәмі бар шайда қосымша ингредиенттер болуы мүмкін және олар затбелгіде жазылуға тиіс.
Маман Е-кодтың немесе хош иістендіргіштің көрсетілуі шай міндетті түрде қауіпті дегенді білдірмейтінін айтты. Негізгі мәселе – нақты қоспаны шайға қосуға рұқсат етілген-етілмегені.
2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда бірқатар қара шайды әкелуге және сатуға уақытша тыйым салынды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, тексеру кезінде кейбір өнімдерден шай құрамында қолдануға болмайтын Е110, Е102 және Е124 бояғыштары анықталған. Қаптамаларда өндіріс және қаптау мекенжайлары туралы жарамсыз мәліметтер де болған.
Кейін «Апамның шәйі Premium gold», «Орда Кения» және «Аль-Кайрат шәйі Premium gold» өнімдеріне қатысты шектеулер алынып тасталды. Сондықтан бұрын жарияланған тыйым тізіміне сүйенгенде, оның кейін өзгерген-өзгермегенін тексеру қажет.
Шайдың түсі немесе иісі күмән тудырса, қаптамасын сақтап қойған жөн. Ал оның құрамында бояғыш бар-жоғын нақты білу үшін зертханалық сараптама қажет, - деді Мұхамғали Арыспаев.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 9,1 мың тонна шай және кофе өндірілгені хабарланды.