Шахтадағы апат. Екінші жұмысшының денесі табылды
Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында тағы бір жұмысшының денесі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Шахтада авариялық-құтқару жұмыстары түнімен жүргізілді. Сағат 8:15-тегі жағдай бойынша тағы бір жұмысшының денесі табылды. Қазір мәйітті беру шаралары жүріп жатыр.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау бойынша 4 бөлімше жұмыс істеуде, олар авариялық өндірістен температураны түсірумен айналысып жатыр. Қалған жұмысшыларды іздеп-табу үшін тағы 3 бөлімше тау-кен шығарындыларын тексеруге жұмылдырылған. Жұмысшыларымызды жедел іздеп-табуға барлық шара қабылданып жатыр, - деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай.
Қалған 3 адамды іздестіру жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 17 тамызда "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының "Қазақстан" шахтасында конвейер таспасы өртенді. Шахтада 227 адам болған, 222 адам эвакуацияланды. Сегіз адам зардап шекті. Төтенше жағдай кезінде 5 жұмысшы жоғалып кеткен болатын. Кеше кешкісін бір адамның денесі табылып, кім екені анықталған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан" шахтасында болған апаттың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар «Қазақстан» шахтасындағы өртке байланысты Шахтинск қаласының Полиция бөлімі ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сондай-ақ депутаттар Арселор Миттал басшылығын жауапқа тартуды талап еткен болатын.