Семейдегі жоғары оқу орнының біріне Әлихан Бөкейханның есімі берілді
Алматы, BAQ.KZ. Семейдегі Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімі берілді.
Бұл туралы Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Шырын Құрманбаева «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» атты ғылыми конференцияда мәлім етті.
Осы санатта Семей қаласы мен өңірінің білім жүйесінде Әлихан Бөкейхан есімін жаңғырту ісі өзекті деп айтар едім. Бұл тұрғыда республикалық жоғары білім кеңістігінде өзіндік орны бар – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ұжымы Президенттің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және республика жұртшылығының қолдауымен университет атауы «Әлихан Бөкейхан университеті» болып ауысты. Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған Тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл сонымен қатар, университет құрылтайшылары мен білім алушыларының ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрмет болып табылады, - деді ректор.
Сонымен қатар ол ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының ұлттық жаңғыруы мен жалпыхалықтық серпіліс кезеңі – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен тікелей байланысты екен алға тартты.
Әлиханның өр тұлғасының ұлттық масштабтағы мемлекеттік қайраткер деңгейінде қалыптасуында Семей–Алаш қаласының орны айрықша. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Абай есімін халық жадында шығармашылық контексте жаңғырту, ұлттық-демократиялық сипаттағы Алашорда үкіметінің халықшыл санаттағы қызмет үдерісінде және ұлттық білім мен ғылымды жолға қоюдағы бастама істердің барша идеясы, оның іс жүзінде атқарылуындағы Әлихан Бөкейханның ерен қайраткерлігін тарихи деректер баяндайды, - деді ол.
Оның сөзінше, әлемдік ағартушылық қағидаттарын ұлттық мүддемен үйлестіре ұсынған қайраткер есімін иелену – университет үшін өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерін сіңдірген, ел игілігі жолында ерен еңбек ететін мінезді азамат, білікті маман даярлап шығару зор мақсат һәм биік белес.
Әлихан Бөкейхан университеті өз миссиясы мен алдағы уақыттағы қызмет болмысын жаңашыл санатта көреді. Біз қоғам тыныс терең сезінетін, мемлекетіміздің даму үдерісіне белсене араласа білетін әлеуметтік жауапты университет болуға ұмтыламыз. Ел экономикасының қажеттігін өтейтін кәсіби мамандар даярлап қана қоймай, өңірдің, республиканың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық өміріне етене араласып, халықтың мұң-мұқтажын мемлекеттік органдармен қатар өтеуге ұмтылатын іргелі оқу орнына айналу – негізгі мақсат-міндет, - дейді Шырын Құрманбаева.
Сөз соңында білім беру ісі мен ғылыми қызметтерді нығайту бағытындада көптеген міндеттердің тұрғанын айтты.
Осы тұрғыда білім беру ісі мен ғылыми қызметті нығайту, түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру, халықаралық серіктестермен бірлескен қызмет аясын кеңейту, тұрғындардың қажеттігін өтейтін қызмет түрлерін игеру сынды көптеген міндеттер тұр. Алдағы уақытта осы міндеттерді университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының ерен еңбегі, білім алушылардың ыждаһатты ізденісі және көпшілік қауымның риясыз ниет-тілегінің арқасында, ойдағыдай іске асырамыз деген сенімдемін. Бұл оқу ордасының келешек көкжиегін айқындайтын шамшырақ бағыт болмақ, - деді ол.
Сондай-ақ бүгін Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің бас ғимаратында Әлихан Бөкейхан бюстінің ашылу салтанаты өтті. Бюст авторы – белгілі мүсінші, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков.
Конференциямен қатар, бас ғимаратта «Әлихан Бөкейхан және Семей» тақырыбындағы архив құжаттары мен кітаптар көрмесі және «Алаш арыстары» музейі ұйымдастырылған.
Айта кетсек, бұған дейін аталған университеттің ректоры, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шырын Құрманбаеваның идеясымен Әлихан Бөкейханның муралы пайда болған еді.
Университет тарихы 1998 жылдан басталады. Университет Қазақ мемлекеттік заң академиясының филиалы ретінде қызметін бастаған.
2007 жылғы жоғарғы оқу орындарын оңтайландыру және нығайту процесіне байланысты қаланың екі университетінің - Семей қаласының заң инстиуты мен М.О.Әуезов атындағы университетті біріккен еді.
2009 жылғы 6 ақпаннан бастап білім беру мекемесінің атауы «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті» деп өзгертілген болатын.