Сайлау науқаны кезінде ақпарат кеңістігінде 21 заң бұзушылық анықталды – Қанат Ысқақ
Сайлау науқаны басталғалы бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда сайлау заңнамасын бұзудың 21 фактісі анықталды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының отырысында баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, министрлік сайлау кезеңінде үш негізгі міндет бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Бірінші бағыт – саяси партияларға үгіт-насихат кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметін көрсету үшін тең жағдай жасау. Екінші бағыт – азаматтардың сайлау құқықтарын кеңінен түсіндіру және олардың дауыс беруге қатысуға қызығушылығын арттыру. Үшінші міндет – бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда сайлау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Осы мақсатта министрлік ақпарат кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізіп отыр.
Қанат Ысқақовтың мәліметінше, үгіт-насихат науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партиялардың сайлау штабтарының қызметіне қатысты 7 мыңнан астам материал жарияланған.
Оның ішінде телеарналарда 3 мыңға жуық, баспа басылымдарында 500-ден астам, ал интернет-ресурстарда 4,5 мыңға жуық материал жарық көрген.
Сонымен қатар министрлік бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн платформаларда сайлау заңнамасының сақталуын бақылап отыр.
Электоралды науқан басталғаннан бері министрлік сайлау заңнамасын бұзудың 21 фактісін анықтады. Анықталған заң бұзушылықтардың бір бөлігі қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялауға қатысты болған. Атап айтқанда, заңда тыйым салынған кезеңде сауалнама нәтижелері қамтылған материалдар жарияланған, - деді ол.
Қалған фактілер сайлау материалдарын тиісті түрде таңбаламау және белгіленген талаптарды сақтамай материал орналастыру жағдайларына қатысты.
Қанат Ысқақ алда тыныштық күні мен дауыс беру күні тұрғанын атап өтіп, БАҚ өкілдері мен онлайн платформа пайдаланушыларын заң талаптарына мұқият болуға шақырды.
Алда тыныштық күні мен дауыс беру күні бар. Сондықтан әріптестеріміз барынша мұқият болуы керек. Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде қандай да бір үгіт материалын таратуға жол берілмейді, - деді ол.
Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша материалдар Бас прокуратураға жолданып, оларға тиісті құқықтық баға беріледі.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан өңірлерінде сайлауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету жұмыстары жүргізілді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік Сайлау күні толтырылған бюллетеньді фотоға түсіруге тыйым салынатынын мәлімдеді.