Самұрық-Қазынаның 10 жылға арналған стратегиялық жобасы әзірленді
«Самұрық -Қазына қоры» Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес Қордың 2032 жылға дейінгі жаңа дамыту стратегиясының жобасын таныстырды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сәтқалиетің айтуынша, қордың ел экономикасындағы үлесін 5 пайызға азайту жоспарланып отыр.
Біздегі басты мақсат – адал бәсекелестікті дамыту. «Самұрық-Қазына» қорының стратегиялық емес активтері экономикалық тұрғыдан орынықтылығы мен тиімділігіне қарай біртіндеп қысқартылатын болады, - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.
Спикердің атап өтуінше, қордағы бүкіл компаниялар 10 жылға арналған бірқатар нақты міндет қойды. Және ESG рейтингінде әлемнің ең үздік компанияларының нәтижелерін қайталауды көздеп отыр.
«Самұрық-Қазына» әлемдегі ең үздік инвестициялық және өндірістік компанияларды үлгі тұтуы керек, - деді қор басшысы.
Олар қордың таза активтерінің жалпы құнын екі есе арттыру, еңбек өнімділігін 1,5 есеге арттыру сондай-ақ таза көміртегі әсерін 10 пайызға төмендету міндеттерін қойған.
16 жаңа жоба инвестициялық жоба
Брифинг барысында қор басшысы Қазақстандағы 16 жаңа инвестициялық жобалардың тізімін ұсынды. Президент жанындағы орталық коммуникациялар алаңында Алмасадам Сәтқалиев Самұрық қорының 13 жобасының бірінші пакетін 2022 жылы көктемде жариялағанын атап өтті.
Жаңа тізімде – мұнай-газ химиясы, Ұлттық электр желісін жаңғырту, жаңа теміржолдарды салу және 5G интернет желісін іске қосу сынды т.б ауқымды жобалармен қамтылған.
Қор ұйымының мәлімдеуінше, бұл жобалар Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей әсер етіп қоймай, еңбек жағдайы мен экологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік бермек.
АЭС құрылысы жобасын іске асыру басталды
Болжамды энергетикалық теңгерім 2023 жылға қарай қуаты 2400 мегаватқа дейінгі атом электр стансасын салу қажеттігін көрсетті. Біздің қор Үкіметтің басшылығымен аталған жобаны іске асыруға кірісті. Бұл бағыттағы жұмыс туралы мүдделі тұлғалар, журналистер және қоғам алдында баяндап отыратын боламыз, - деді Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Қор басшысы қайырымдылық бағдарламаға 183 млрд теңге бөлу қарастырылғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы қор пайдасының 7 пайызы «Қазақстан халқына» қорына жіберілетінін атап өтті. 2018 жылдан бастап қор акцияларының мемлекеттік пакетінде дивидендтер 13 есе артты. Биыл аталған көрсеткіш 170 млрд теңге болады. Сонымен қатар, шамамен 183 млрд теңге қайырымдылыққа және акционерлердің пайдасына өзге де бөлуге бағытталады. Қордың қайырымдылық бағдарламасы бар. Ол жұмыс «Самұрық-Қазына траст» компаниясы тарапынан жүзеге асырылмақ, - дейді ол.
Мәлімдеуінше, еліміз Франция, Түркия, Венгрия, Кореядағы атом электр станцияларын зерделеген. Қытайдағы атом электр станциясына барған.
Жалпы Самұрық-Қазына, үкімет және энергетика министрлігі аталған жобаны барлық ең үздік технологияны ескеретін халықаралық инвесторлар пулымен жүзеге асырылуы керек деген пайымға келді, - деді Сәтқалиев баспасөз мәслихатында.
«Самұрық-Қазына» ірі компаниялардағы өз үлесін қысқартады
Қор бұл жоспарды 2025 жылға дейін жоспарлап отыр. Самұрық еліміздегі ірі компанияларды жекешелендіруге, IPO мен SPO-ға шығаруға бастамашы болады. Осылайша, әл-ауқат қоры өз үлесін қысқартпақ.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының айтуынша, 2025 жылға дейін ҚМГ, AirAstana, QazaqGaz және ҚТЖ компанияларын IPO-ға шығару, KEGOC компаниясының SPO-сын өткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда KASE және AIX жергілікті биржаларында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның IPO-сын өткізу үшін белсенді түрде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда республика қалаларында бұқара халықты тарту үшін роуд-шоу басталады. Біздің міндетіміз – халықты хабардар етіп, барынша қамту, - деді Алмасадам Сәтқалиев.