29 Қазан 2026, 09:55 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер: Үкімет жұмыс барысын баяндады

Салық кодексіне өзгерістер пакеті әзірленіп, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру тетіктері нақтыланды.

Қазақстанда салық заңнамасын жетілдіру аясында бірқатар шаралар қолға алынды. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, жыл басынан бері Жобалық кеңес аясында жұмыс жүргізілуде.

Бүгінгі таңда бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне нақты өзгерістер пакеті әзірленді. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені талдауды ескере отырып қарастырылады. Қазақстан жағдайларына барынша бейімделген тәсіл әзірленеді. Жолдау аясында Мемлекет басшысы инфрақұрылымның «ауқымды құрылысы» бағытын белгіледі, - деп атап өтті бірінші вице-министр.

Сонымен қатар ол үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылғанына тоқталды.

Бюджет кодексіне қор қызметінің құқықтық негіздерін, жобаларды қаржыландыру тәртібін, сондай-ақ қазынашылық сүйемелдеу мен қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау тетіктерін айқындайтын түзетулер дайындалды. Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиялары белсенді қолданылатын болады, - деді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жұмыспен қамтуды арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ететінін айтты.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту жоспары әзірленетінін мәлімдеді.