30 Қыркүйек 2026, 17:12 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Ресей Тоқаевтың Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы ұсынысына жауап берді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатып, келіссөзге көшу туралы ұсынысына Кремль өкілі Дмитрий Песков пікір білдірді.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатып, келіссөздерге көшу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Песковтың айтуынша, Мәскеу Қазақстанмен арадағы стратегиялық серіктестік пен екі ел басшылары арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Ол бұл туралы 30 қыркүйектегі брифинг барысында мәлімдеді. Оның сөздерін Ресей президентінің баспасөз қызметі таратқан. 

Біз Қазақстанмен қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз. Президент Тоқаевтың Ресей Президенті Владимир Путинге берген бағасына ризамыз, – деді Песков.

Кремль өкілінің сөзінше, Ресей мен Қазақстан басшылары арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге, сындарлы диалогқа және тығыз байланысқа негізделген. Бұл екі ел президентіне халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді, соның ішінде Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесін талқылауға мүмкіндік береді. 

Песков сондай-ақ Владимир Путиннің Қасым-Жомарт Тоқаевпен әр кездесуін Украинадағы жағдайды талқылауға пайдаланатынын айтты. Оның мәліметінше, Ресей президенті қазақстандық әріптесін әскери іс-қимыл аймағындағы ахуалдың дамуы туралы хабардар етіп отырады. 

Екі президенттің жеке қарым-қатынасы тығыз, сындарлы әрі сенімге негізделген. Бұл оларға халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді, соның ішінде украиналық жанжалды реттеу мәселесін талқылауға мүмкіндік береді, – деді Кремль өкілі. 

Тоқаев не деді?

29 қыркүйекте Германияға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейін өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты.

Мемлекет басшысы әскери іс-қимылды тоқтатып, дипломатиялық келіссөздерге жол ашу мақсатында Украинадағы қақтығысты «қатыру» мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Тоқаев мұндай қадам келіссөздер процесін бастауға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Сонымен қатар Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді жоғары бағалап, оны Орталық Азия, Еуропа және жалпы әлем үшін Ресей көшбасшысы ретінде «ең қолайлы саяси тұлға» деп атады. Бұл туралы оның Берлиндегі баспасөз мәслихатында айтқан сөзі хабарланды. 

Қазақстан Президенті Украинадағы соғысты тоқтату қажеттігін айтып, әскери іс-қимылды тоқтату келіссөздерге көшуге жағдай жасайтынын атап өтті. 

Осы мәлімдемелерден кейін Кремль атынан Дмитрий Песков Ресей тарапының Қазақстанмен қарым-қатынасына және екі ел басшылары арасындағы тұрақты диалогқа назар аударды. 

Тағы оқи отырыңыз: «Бұл тек эмоция емес»: Саясаттанушы Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысына қатысты ұстанымын талдады