Бүгiн 2026, 12:41 Фото: ©BAQ.KZ архиві/жасанды интеллект

Рақымшылық акциясы: Кім босатылады, қандай айыппұл кешіріледі және кімге жеңілдік болмайды?

Қазақстанда алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қатар жүргізіледі. Жаңа заң мыңдаған сотталған мен миллионға жуық айыппұлға әсер етуі мүмкін.

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл жолғы рақымшылықтың ерекшелігі – елімізде алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың қатар жүргізілуі. Алдын ала есеп бойынша рақымшылық шаралары 16,5 мыңнан астам адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұл рақымшылық аясына кіреді.

Рақымшылық не үшін жарияланып отыр?

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан рақымшылық жаңа Конституцияның қабылдануымен байланысты жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бұл – қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз жасап жатқан кезекті ізгілік актісінің көрінісі, – деді депутат.

Оның сөзінше, көптеген мемлекетте маңызды тарихи оқиғалар мен атаулы даталарға орай рақымшылық жариялау тәжірибесі бар.

Бұл жолғы рақымшылықтың тағы бір ерекшелігі – Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылықтың енгізілуі.

Қылмыстық рақымшылық кімдерге қолданылады?

Заң жобасына сәйкес рақымшылық ең алдымен қоғамға қауіпі төмен қылмыстар жасаған азаматтарға бағытталған.

Атап айтқанда:

  • қылмыстық теріс қылық жасағандар;
  • онша ауыр емес қылмыс жасағандар;
  • келтірілген зиян болмаған немесе толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.

Бұл санаттағы адамдарға қатысты қозғалған қылмыстық істер тоқтатылуы мүмкін. Оның ішінде соттың қарауындағы істер де бар.

Сонымен қатар сотталғандардың бір бөлігі жазадан толық босатылса, енді бір бөлігі үшін жаза мерзімі қысқартылады.

Жаза мерзімі қалай қысқарады?

Заң жобасында сараланған тәсіл қарастырылған.

Орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, келтірілген залалды өтемеген азаматтардың жазасының өтелмеген бөлігінің жартысы қысқартылады.

Ал егер залал толық өтелсе:

  • ауыр қылмыстар бойынша жазаның үштен бірі;
  • аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бірі қысқартылады.

Залал өтелмеген жағдайда:

  • ауыр қылмыстар бойынша жазаның төрттен бірі;
  • аса ауыр қылмыстар бойынша бестен бірі қысқартылады.

Сондай-ақ орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған сотталғандарды босату мәселесі қарастырылған.

Қанша адам бостандыққа шығуы мүмкін?

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, рақымшылық жалпы саны 16,5 мыңнан астам адамға қатысты қолданылады.

Олардың ішінде:

  • 5 мың адам – бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар;
  • 10 мыңнан астам адам – пробациялық бақылауда тұрғандар;
  • 1,5 мың адам – тергеу сатысында жүргендер.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық жазадан 4,5 мың адам босатылады. Оның ішінде 1,5 мың адам түзеу мекемелерінен шығады. Тағы 3 мың адам пробация қызметінің есебінен босатылады.

Сонымен қатар 10,5 мың адамға қатысты жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту шарасы қолданылады.

Кімдерге рақымшылық жасалмайды?

Заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі көрсетілген.

Олардың қатарында:

  • сыбайлас жемқорлық;
  • терроризм;
  • экстремизм;
  • азаптау;
  • кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар;
  • қауіпті және аса қауіпті рецидив;
  • қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыстар;
  • өмір бойына сотталғандар;
  • сырттай сотталғандар бар.

Абзал Құспанның айтуынша, мұндай қылмыстар қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.

Алматыдағы резонанстық жол апатынан кейін қандай өзгеріс енгізілді?

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов соңғы уақытта қоғамда үлкен резонанс тудырған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатын мысалға келтірді.

Оның айтуынша, азаматтар жоғары жылдамдықпен жарыс ұйымдастырып, ауыр зардаптарға себеп болған жүргізушілер рақымшылыққа ілігіп кетпей ме деген алаңдаушылық білдірген.

Ондай алкоголь ішіп немесе үлкен жылдамдықпен жүрген адамдарға рақымшылық болмайды. Әр адам өз жауапкершілігін сезінуі керек, – деді депутат.

Әбенов болашақта аса жоғары жылдамдықпен көлік жүргізуді ауыр қылмыс санатына жатқызу мәселесін де көтерді.

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады

Заң жобасының ең маңызды жаңалығы – әкімшілік рақымшылықтың енгізілуі.

Әкімшілік рақымшылық:

  • жеке тұлғаларға;
  • жеке кәсіпкерлерге;
  • жеке нотариустарға;
  • жеке сот орындаушыларына;
  • адвокаттарға;
  • заң консультанттарына қолданылады.

Бұл ретте рақымшылық тек әкімшілік айыппұлдарға қатысты болады.

Қандай айыппұлдар кешірілмейді?

Әкімшілік рақымшылық барлық құқық бұзушылыққа бірдей қолданылмайды.

Рақымшылық:

  • сот салған айыппұлдарға;
  • қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға;
  • жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты ауыр бұзушылықтарға қолданылмайды.

Атап айтқанда:

  • мас күйінде көлік жүргізу;
  • есірткілік масаң күйде көлік басқару;
  • қарсы жолаққа шығу;
  • жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу сияқты құқық бұзушылықтар рақымшылықтан тыс қалады.

Сондай-ақ қару айналымы, есірткі, санитариялық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау саласындағы құқық бұзушылықтар да кешірілмейді.

Айыппұлдар қалай есептен шығарылады?

ІІМ вице-министрі Санжар Әділов рақымшылық толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізілетінін айтты.

Әкімшілік рақымшылық Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде де алғаш рет өткізілгелі отыр. Біз толық автоматтандырылған тәртіпті қолданамыз, – деді ол.

Оның айтуынша, алдымен Құқықтық статистика комитеті рақымшылыққа жататын тұлғалардың тізімін қалыптастырады.

Одан кейін:

  • электронды қаулы дайындалады;
  • уәкілетті тұлға ЭЦҚ арқылы бекітеді;
  • ақпарат сот орындаушыларына автоматты түрде жолданады;
  • айыппұлдар өндірістен шығарылады.

Азаматтарға бұл туралы SMS-хабарлама келеді.

Азаматтарға бұрын айыппұл туралы хабарлама қалай келген болса, рақымшылық қолданылғаны туралы да дәл солай SMS келеді, – деді Санжар Әділов.

Мас жүргізушілерге жеңілдік беріле ме?

Мәжіліс депутаты Николай Арсютин мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың жазасын жеңілдету мүмкіндігін көтерді.

Алайда ІІМ бұл мәселеде ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді.

Санжар Әділовтің айтуынша, көлікті алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан ешқандай жеңілдік болмайды.

Министрлік статистикасына сәйкес, биылғы бес айдың өзінде мас жүргізушілердің кесірінен 144 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 212 адам жарақат алған.

Ал былтыр мұндай 673 жол апатында 56 адам көз жұмған.

Экономикалық қылмыстар бойынша қандай шешім қабылданды?

«Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев экономикалық және кәсіпкерлік сипаттағы қылмыстар бойынша арнайы талдау жүргізілгенін айтты.

Нәтижесінде Қылмыстық кодекстегі экономикалық блоктағы 38 баптың:

  • 12-сі рақымшылықтан шығарылды;
  • 26 бап бойынша рақымшылық қолдану ұсынылды.

Рақымшылық жасалмайтындардың қатарында:

  • қаржы пирамидалары;
  • заңсыз коллекторлық қызмет;
  • ақшаны жылыстату;
  • рейдерлік;
  • заңсыз сыйақы алу сияқты қоғамға қауіпті әрекеттер бар.

Депутаттардың пікірінше, бұл заң жобасы жазалау мен гуманизм арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Бір жағынан, қоғамға қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға екінші мүмкіндік беріледі. Екінші жағынан, сыбайлас жемқорлық, терроризм, зорлық-зомбылық, мас жүргізушілер мен қоғамға қауіпті қылмыс жасағандарға ешқандай жеңілдік қарастырылмайды.

Тағы оқи отырыңыз: Амнистия: Айыппұлы кешірілгенін қазақстандықтар қалай біледі? 

Рақымшылық: Түрмеден босап, қайта қылмыс жасағандар бар 

Бишімбаев пен Мәсімов мерзімінен бұрын босап шықпайды: ІІМ жағдайды түсіндірді