Қызылордада жүргізуші сәбиі бар әйелді көлігімен қағып, қашып кеткен: Бала қайтыс болды
Сәби өлімімен аяқталған жол апаты: Қызылорда полициясы күдіктіні іздеуде
Қызылордада автокөлік жүргізушісі омыраудағы баласы бар әйелді қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалады. Нәресте ауруханада қайтыс болды, оның анасы ауыр жағдайда жатыр. Полиция күдіктінің жеке басы анықталғанын, алайда оны іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Не болды?
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жол-көлік оқиғасы 13 қазан күні сағат 17:10 шамасында Құттықожа көшесінде болған.
Mitsubishi Lancer автокөлігінің жүргізушісі омыраудағы баласы бар әйелді қағып кетіп, ЖКО орнынан қашып кеткені хабарланды.
Ауыр жағдайдағы зардап шегуші жансақтау бөліміне жеткізілді. Оның 2026 жылдың мамыр айында туған ұлы басынан ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмды.
Полиция не деді?
BAQ.KZ редакциясының сауалына жауап берген Қызылорда облыстық Полиция департаменті адам өліміне әкеп соқтырған ЖКО және оқиға орнын тастап кету фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын растады.
«Күдіктінің жеке басы анықталды. Қызылорда облыстық Полиция департаменті оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Жүргізушіні іздестіру мақсатында қаладан шығар жолдарда өткізу режимі күшейтілді.
Полиция күдіктіні іздеуге департаменттің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылғанын қоса айтты.
Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да жантүршігерлік жол апаты болып, балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты.
Тағы оқи отырыңыз:
Астанада көлігінің ақауына байланысты тоқтаған жүргізушіні басқа көлік қағып өлтірді
Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды
Алматы облысында балаларды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші ұсталды