«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе? Сүлейменова даулы сөзге қатысты пікір білдірді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте қоғамда талқыға түскен «қыркүйек» сөзінің жазылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, сөз құрамындағы әріптің өзгеруі Оқу-ағарту министрлігінің құзыретіне жатпайды. Бұл мәселені тіл білімі мамандары зерттеп, ғылыми тұрғыдан бағалауы қажет.
«Бұл мәселе мені де қызықтырды. Ғалым Рабиға Сыздықтың ғылыми зерттеулеріне жүгінуге тура келді. 1980-жылдардан бастап сөздің айтылуы мен жазылуы арасындағы заңдылықты сақтай отырып, емлеге өзгеріс енгізу мәселесі талқыланған. Өзім “қыркүйек” сөзін “к” әрпімен жазамын. Өйткені бізге кезінде осы норма бойынша білім берілді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, бұрынғы деректерде «қыргүйек» нұсқасының қолданылу үлесі 93 пайызға дейін жеткен.
«Меніңше, “қыркүйек” немесе “қыргүйек” деп жазудың ешқайсысын бірден қате деуге болмайды. Мысалы, қазір “Ботакөз” емес, “Ботагөз” деп айтамыз. Бұл да қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы мен жазылуына қатысты өзіндік ерекшелік. Сондықтан оны тілдік норма деп қабылдаған жөн», – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова сөздің дұрыс немесе бұрыс нұсқасын анықтауда тілтанушы ғалымдардың пікіріне құлақ асу қажет екенін айтты.
Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысынан кейін журналистерге ата-аналар чатындағы қарым-қатынас тәртібі туралы үндеуін түсіндірген еді.
Сондай-ақ, министр оқушының шаш бояуы мен маникюріне тыйым салу орынды ма деген сұраққа жауап берді.