Қостанайда 45 студент оқудан шығарылып, колледж директоры қызметінен босатылды
Прокуратура Қостанайдың агротехникалық колледжіндегі өрескел заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарабалық ауданының прокуратурасы Қазақстан агротехникалық колледжіне жүргізген тексеру барысында оқу процесін ұйымдастыру, мемлекеттік мүлікті басқару және студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында заң бұзушылықтарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде 45 студенттің сабаққа іс жүзінде қатыспағанына қарамастан, колледжде білім алушылар қатарында тіркеліп келгені белгілі болды. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеп соққан.
Сонымен қатар, бес жыл бойы қалдық құны нөлге тең көлік құралдарын есептен шығару бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.
Бұдан бөлек, 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жай-күйінде кемшіліктер анықталды.
Прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде 45 студент оқудан шығарылып, 7 оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал колледж директоры атқаратын қызметінен босатылды. Негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталып, жатақхананы жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлады Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокуратура білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, студенттердің құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде студент қыз оқу ақысына жинаған 10 млн теңгеге жуық ақшасынан айырылды.
Тағы оқи отырыңыз:
Жетісуда мұғалімдерді медициналық тексеруден өткізбеген 21 басшы жазаланды
Директордың ЭЦҚ-сын пайдаланып 82 млн теңге жымқырған үш бухгалтерге үкім шықты