ҚазҰУ-де тағы бір оқыс жағдай: Полиция тергеу бастады
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қыздың өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат тарады. Полиция бұл дерекке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі жазбасында ҚазҰУ-де тағы бір студент қыз өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат түскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға туралы мәлімет көпшілікке жарияланбай, жасырылып отырған көрінеді. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Сонымен қатар заңгер университет аумағындағы студенттерге арналған стадиондар, шағын футбол алаңдары мен басқа да нысандар өзге азаматтарға жалға берілгені туралы ақпаратты да көтерді.
Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласының Полиция департаментінен жауап алдық. Полицияның алдын ала мәліметінше, оқу орындарының бірінде студент қыз өзіне жеңіл дене жарақатын салған. Оған медициналық көмек көрсетілген.
Қазіргі уақытта полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-да тағы да қайғылы жағдай болды. Оқу орнының бірінші курс студенті қаза тапты.
Оқиғаға байланысты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, 8 қарашада бұған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі университеттің География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болғанын растаған еді.
Артынша ҚазҰУ-дағы студенттердің қазасына байланысты бірқатар басшы қызметінен босатылды.