"Қазселденқорғау" мекемесі Алматыдағы лай көшкінінің басты себебін атады
"Қазселденқорғау" ММ мамандары Алматыдағы көшкіннің басты себебін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олардың айтуынша, көшкіннің болжамды көлемі 3200 м3 шамасында.
2024 жылғы 8 ақпанда сағат 02:20-да тау баурайының орта бөлігіне тартылған су құбырының үзілуі салдарынан топырақ ылғалданған. Кейін Алматы қаласы, Медеу ауданындағы Олимпийская көшесінде орналасқан "Тау-Самалы" ықшамауданындағы №3А және №3 жеке тұрғын үйлерлін лай көшкіні басты,- дейді Қазселденқорғау" ММ баспасөз қызметі
Сондай-ақ, тау беткейінің лесс тәрізді саздақтардан (шөгу топырақтары) тұратыны айтылды.
Бұл аймақтағы еңістің тіктігі шамамен 45-50 градус.
Лай көшкіні Олимпийская көшесіндегі №3А қосалқы құрылыстары бар тұрғын үйді қиратып, жақын жердегі №3 тұрғын үй ішінара зақымданды,- дейді"Қазселденқорғау" ММ баспасөз қызметі
Алматыдағы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин Тау Самалы шағын ауданында лай көшкінінің орын алуына қатысты инженерлік желілердің жағдайына түсініктеме берді
Оның айтуынша, қазір Тау-Самал шағын ауданындағы жеке сектордың коммуникацияға қосылуы ретсіз және соның салдарынан қауіпті.
Қазір Тау-Самалы шағын ауданында жеке сектордың коммуникацияларға қосылуы ретсіз әрі қауіпті. Жеке сектордағы көптеген тарату желілері стандарттарға сәйкес келмейді. Жақын арада бұл мәселені шешу үшін біз өткен жылдан бастап тарату желілерін салу бойынша жобаны әзірлеуге кіріскен болатынбыз. Біз "Балқаш" су көзін көрсеттік, жаңа скважиналар - бұл бірінші кезең. Екінші кезең-тарату желілерін жүргізу және су құбырымен қатар кәріз желілерін салу, өйткені таулы жерлерде септиктерді пайдаланатын жеке үйлер қауіпсіз емес, - деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда көшкін жүргені туралы жазған болатынбыз. ТЖМ шұғыл мәлімдеме жасап, соған байланысты Алматы қаласының әкімі шұғыл көшпелі кеңес өткізген еді. Бірер сағат бұрын лай көшкіннің астынан 2007 жылы туылған жас жігіттің денесі табылған еді. Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин лай көшкіннің бірнеше себебін айтқан болатын, сондай-ақ тұрғындар бұл апатқа құрылыс компанияларын кінәлаған болатын. Сонымен қатар, құтқарушылар жұмыс барысы неге баяу жүріп жатқанын айтқан болатын.
Сондай-ақ, лай көшкін салдарынан қаза тапқандардың денесі табылғанын жазған болатынбыз.