QazCovid-in вакцинасын салдырған ерікті қайтыс болған жағдайда 500 мың теңге төленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын сынақтан өткізу кезінде ерікті қайтыс болған жағдайда 500 мың теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі көзделген. 

Бұл туралы клиникалық сынаққа қатысатын еріктілердің бірі мәлімдеді деп жазды tengrinews.kz.

Қатысушының айтуынша, еріктілердің қолына жарты миллион теңге мөлшеріндегі сақтандыру сомасы жазылған сақтандыру төлемі берілген. Сертификатқа сәйкес, егер вакцинация салдарынан сынақ субъектісінде өлім немесе I, II, III топтағы мүгедектік жағдайы тіркелген болса, төлем жасалады. Сақтандыру 180 күн (6 ай) бойы жарамды. 

Бұған дейін клиникалық сынаққа қатысқаны үшін барлық еріктіге 200 мың теңге көлемінде сыйақы уәде етілген болатын. Алайда, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ескергенде, түпкілікті сома шамамен 160 мың теңгені құрайды.

QazCovid-in қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің III кезеңіне бас-аяғы 3 мың адам қатысып жатыр. Еріктілерді қабылдау Алматы мен Таразда жүргізілді.

Вакцинация екі кезең бойынша жүргізіледі: бірінші дозаны 1-ші күні, екінші дозаны – 21-ші күні қабылдайды.

QazCovid-in қазақстандық инактивтендірілген вакцинасын әзірлеумен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты өткен жылдың наурыз айының соңынан бастап айналысып келеді. Тамыз айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцинаны клиникалық сынақтарға жіберілгендер тізіміне ресми түрде енгізген болатын. Қазір клиникалық сынақтардың III кезеңі өтіп жатыр.

Бұған дейін бұл вакцина Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа және Президенттің көмекшісі Ерлан Қаринге егілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы