Қазақстанның білім саласындағы 10 маңызды нәтижесі: Халықаралық рейтингтер не көрсетеді?
18 университет QS әлемдік рейтингіне енді, ал жасанды интеллект бойынша жүздеген мың студент оқудан өтті. Салада тағы қандай өзгеріс бар?
Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы ашылды, елдегі шетелдік студенттер саны 41 мыңға жуықтады. QS әлемдік рейтингіне отандық 18 жоғары оқу орны енсе, жасанды интеллект саласында 31 университетте 44 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл – еліміздің жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қол жеткізген нәтижелерінің бір бөлігі. Білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестердің III форумы осы бағыттағы жұмыстарды талқылап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Қазақстанда білім мен ғылымды дамыту, халықаралық академиялық байланыстарды нығайту және ғылыми зерттеулерді экономиканың нақты секторына енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, осы саладағы кешенді жұмысты жандандыру міндетін қойды.
Осы тұрғыда жоғары білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестердің III форумы отандық және шетелдік университеттер, ғалымдар мен сарапшылар арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналмақ.
Форумның негізгі практикалық маңызы – қазақстандық жоғары оқу орындары мен шетелдік әріптестер арасында тікелей диалог орнату, мамандар даярлау тәжірибесімен алмасу, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларының бағыттарын айқындау.
Өткен жылы форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астанада «Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» тақырыбында өткен болатын. Сол кезде Президент жиынды «құнды идеялар айтылатын, жаһандық білім мен ғылымның даму болжамдары әзірленетін бірегей алаң» деп бағалаған еді.
Мемлекет басшысы білім мен ғылымды әлемді өзгертуге қабілетті қозғаушы күштер деп атап, университеттердің озық идеялар мен ғылыми зерттеулер орталығы ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Білім мен ғылым – мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы
Қазақстанда білім, ғылым және инновацияны дамытуға басымдық беріліп келеді. Бұл бағыт жаңа Конституцияда да көрініс тапты. Атап айтқанда, адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттік саясаттың жоғары стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалды.
2026 жылғы маусымда Мемлекет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Өзгерістер Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін нығайтуға, зерттеушілердің құқықтарын қорғауға және ғылыми қызметті ұйымдастыру жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Заңнамада «ғалым» ұғымы бекітіліп, ғылым жөніндегі омбудсмен институтын енгізу көзделді. Сонымен бірге ғылыми зерттеулерді қаржыландыру және ғылыми әзірлемелердің өндіріске енгізуге дайындық деңгейін бағалау тәсілдері жетілдіріліп жатыр.
Бұдан бөлек, Инновацияларды дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың негізгі мақсаты – ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономикада нақты қолдану үшін өңірлік жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен бизнес арасындағы байланысты нығайту.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы қазандағы Жолдауында да білім, ғылым мен инновацияны қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші, ал жоғары технологияларды қуатты экономиканың тірегі ретінде атады.
Бұл бағыт жастар үшін сапалы білім алу, кәсіби әлеуетін дамыту және алған білімін ел игілігіне пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы ашылды
Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтудың маңызды бағыттарының бірі – жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік орнату.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елімізде шетелдік жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының 33 филиалы ашылған. АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея және басқа мемлекеттердің университеттерімен бірлескен білім беру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар Cardiff University, Coventry University және МИФИ университеттерінің жеке кампустарының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар қазақстандық жастарға шетелге шықпай-ақ халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша білім алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер саны да артып келеді. Қазіргі уақытта елімізде 41 мыңға жуық шетелдік студент бар. Бұл – осы уақытқа дейінгі рекордтық көрсеткіш.
Мұндай үрдіс Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі тартымдылығын арттыруға және отандық университеттердің шетелдік академиялық байланыстарын кеңейтуге ықпал етеді.
Қазақстан университеттері халықаралық рейтингтерде позициясын нығайтып келеді
Соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарған.
QS әлемдік университеттер рейтингіне Қазақстанның 18 жоғары оқу орны енген. Ал Times Higher Education (THE) рейтингіндегі қазақстандық университеттер саны соңғы бес жылда үштен онға дейін өскен.
Назарбаев Университеті Орталық Азия, ТМД және Кавказ өңіріндегі №1 жоғары оқу орны мәртебесін ресми түрде бекіткен.
QS Asia University Rankings рейтингінде Қазақстанның 51 жоғары оқу орны бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті университетке көп. Қазақстан – үш университеті рейтингтің алғашқы жүздігіне енген Орталық Азиядағы жалғыз ел.
Азияның үздік жүздігіне енген қазақстандық жоғары оқу орындары:
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 46-орын;
- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 62-орын;
- Satbayev University – 89-орын.
Сондай-ақ қазақстандық университеттердің академиялық алмасу бағдарламалары бойынша студенттерді шетелге жіберу үлесі және жұмыс берушілер арасындағы беделі жөніндегі орташа бағалары Азиядағы орташа көрсеткіштерден жоғары болған.
Ал Жаһандық инновациялық индекс (Global Innovation Index) бойынша Қазақстан сегіз сатыға көтеріліп, 139 экономиканың арасында 73-орынға тұрақтаған. Бұл – еліміздің соңғы он жылдағы ең үздік нәтижесі. Қазақстан Орталық Азияда бірінші, Оңтүстік Азияда екінші орынға шыққан.
Жасанды интеллект саласында 44 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр
Жасанды интеллекттің дамуы жоғары білім беру мазмұнына, ғылыми зерттеулер мен мамандар даярлау тәсілдеріне жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты Қазақстан шетелдік университеттермен бірлескен жобаларды кеңейтіп, жасанды интеллект саласындағы білім беру бағдарламаларын көбейтуге басымдық беруде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Бельгия ректорларының жасанды интеллекттің білім беру мен ғылыми зерттеулерге ықпалына арналған форумына қатысты. Кездесу барысында тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын, академиялық ұтқырлықты және университеттердің цифрлық трансформациясын талқылады. Іс-шара қорытындысында екі елдің жоғары оқу орындары арасында келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 31 университетте жасанды интеллект саласындағы 44 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
AI-Sana бағдарламасы аясында 706 мың студент оқудан өткен. Сонымен қатар жоғары оқу орындары жасанды интеллектті пайдалану арқылы 515 жоба әзірлеген.
Бұған қоса, Qazaq AI Research University университетінің ашылуы, Coursera, Huawei ICT Academy, ChatGPT Edu, Google және NVIDIA жобаларының іске асырылуы білім беру саласындағы халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Мұндай бастамалар студенттер мен оқытушылардың заманауи цифрлық құралдарды меңгеруіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарында жасанды интеллектті қолдануына және халықаралық тәжірибені игеруіне мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект нақты жобаларға енгізіліп жатыр
Қазақстанда жасанды интеллектті оқытумен шектелмей, оны күнделікті қызметте және нақты өндірістік міндеттерді шешуде қолдануға басымдық берілуде.
Осындай жобалардың бірі – Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген AI-Talapker чат-боты. Ол ҰБТ және жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша талапкерлерге кеңес береді.
Бүгінге дейін жүйе пайдаланушылардың 69 мыңнан астам өтінішін өңдеген. Бұл мамандардың жүктемесін азайтып, талапкерлерге қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік берген.
Тағы бір маңызды жоба – Қазақстанның қолжазба мұрасын цифрландыру бастамасы. Оны Astana IT University қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 2025-2027 жылдары жүзеге асырып жатыр.
Жоба тарихи қолжазбалардың электрондық базасын құруды, көне мәтіндерді тануды және цифрлық зерттеу корпустарын қалыптастыру үшін жасанды интеллектті пайдалануды көздейді.
Сонымен қатар қазақстандық университеттер мұнай-газ саласына, киберқауіптерден қорғауға, медициналық құжаттаманы автоматтандыруға және химиялық процестерді модельдеуге арналған технологиялық әзірлемелерін ұсынып келеді.
Бұл жобалар жасанды интеллекттің білім беру саласынан бөлек, экономика мен өндірістегі нақты міндеттерді шешуге де қолданылып жатқанын көрсетеді.
Ғылым мен бизнестің байланысы күшейіп келеді
Ғылыми зерттеулердің экономикалық тиімділігін арттыру үшін университеттер, ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық маңызды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2016-2026 жылдар аралығында ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру конкурстары аясында 386 жоба мемлекеттік қолдауға ие болған. Оның ішінде тоғыз жобаның сатылым көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үшін Ғылым қоры арқылы қолдау көрсету құралдары да кеңейтілуде. Олардың қатарында технологиялық кәсіпкерлікті және венчурлік қаржыландыруды дамыту тетіктері бар.
Мұндай қолдау ғалымдарға ғылыми идеяны дайын өнімге айналдыруға, ал кәсіпорындарға өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Осылайша, ғылым мен бизнестің өзара байланысы зерттеу нәтижелерін тек теориялық деңгейде қалдырмай, экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағыттауға жол ашады.
Еңбек нарығына қажетті мамандар қалай даярланады?
Жоғары білімнің сапасы түлектердің алған білімін кәсіби қызметте қолдана алуымен де өлшенеді. Сондықтан университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту кадр даярлау саясатының маңызды бөлігіне айналып отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне сәйкес, 73 мың кәсіпорын арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде Қазақстан экономикасында 400 мыңнан астам маманға қажеттілік бар екені анықталған.
Осы сұранысты ескеру үшін «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында еліміздің барлық 20 өңірінде кадрларға қажеттіліктің өңірлік карталары әзірленген.
Бұл карталар өңірлердің экономикалық ерекшеліктері мен еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, мамандар даярлау бағыттарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар он жоғары оқу орнында индустриялық PhD мамандарын даярлаудың пилоттық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта осы бағдарлама аясында 312 докторант білім алуда.
Бағдарламаның ерекшелігі – ғылыми зерттеулерді кәсіпорындардың нақты міндеттерімен байланыстыру. Бұл жас ғалымдардың өндірістік мәселелерді шешуге қатысуына және ғылыми әзірлемелердің практикалық маңызын арттыруға ықпал етеді.
Жоғары білім алуға 655 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді
Қазақстанда жастардың жоғары білім алу мүмкіндігін кеңейту және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау шаралары да жалғасып келеді.
Соңғы жеті жылда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға 655 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген. Осы мақсаттарға 1,5 триллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Ал аталған кезеңде студенттердің шәкіртақысы 2,5 есеге өскен.
Жастардың білім алуына қаржылық қолдау көрсету мақсатында «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары іске асырылып жатыр. Олар отбасыларға балалардың болашақта оқуына қажетті қаражатты алдын ала жинақтауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «Келешек» бағдарламасы аясында екі жыл ішінде 240 мыңнан астам шот ашылған.
Сонымен бірге сараланған гранттар қарастырылып, пайызсыз білім беру кредиттерін беру тетігі пилоттық режимде сынақтан өткен.
Әлеуметтік осал санаттағы студенттер үшін жатақханада тұру шығындарын өтеу және шәкіртақыға үстемеақы төлеу шаралары көзделген. «Серпін» бағдарламасын іске асыру тетіктері де жаңартылған. Өткен жылы бағдарлама аясында бөлінген гранттарды игеру көрсеткіші алғаш рет 80 пайыздан асқан.
Жас ғалымдардың саны алты жылда 14 мыңнан асты
Ғылымның тұрақты дамуы жас зерттеушілерді қолдау мен жаңа ғылыми кадрларды даярлауға тікелей байланысты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, гранттық қаржыландырудың бес конкурсының қорытындысы бойынша екі мыңнан астам жас ғалым мен зерттеуші 690 жоба аясында өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алған.
Министрлік қаржыландыратын ғылыми жобаларда жас зерттеушілердің үлесі орындаушылар құрамының кемінде 30 пайызын құрауы көзделген. Бұл олардың ғылыми ұжымдарда тәжірибе жинақтап, қолданбалы зерттеулерге қатысуына жағдай жасайды.
Сонымен қатар жас ғалымдардың халықаралық ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндіктері мен әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтілуде.
Нәтижесінде Қазақстандағы жас ғалымдардың саны 2019 жылғы 9 704 адамнан 2025 жылы 14 323 адамға дейін өскен.
Бұл ғылыми кадрлардың әлеуетін арттыру және отандық ғылымның жаңа буынын қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Халықаралық әріптестік – білім мен ғылымның жаңа мүмкіндігі
Жоғары білім және ғылым саласындағы стратегиялық әріптестердің III форумы Қазақстанның халықаралық академиялық және ғылыми байланыстарын одан әрі дамытуға бағытталған.
Бүгінде шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, жасанды интеллект саласында мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және еңбек нарығына қажетті кадрларды қалыптастыру бағыттарында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл бастамалардың барлығы бір мақсатқа – білім мен ғылымды ел экономикасының дамуына ықпал ететін стратегиялық ресурсқа айналдыруға бағытталған.
Сондықтан стратегиялық әріптестер форумы тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, Қазақстанның халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі орнын нығайтуға, жаңа жобалар мен ұзақ мерзімді серіктестіктер қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы болмақ.