Бүгiн 2026, 11:52 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанға климаттық және еңбек мигранттары көптеп келуі мүмкін

ҚСЗИ өкілі әлемдегі демографиялық өзгерістер, климаттық көші-қон және Қазақстанның өңірдегі рөлі туралы айтты.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің басшысы Анна Альшанская дөңгелек үстелде әлемдегі халықтың қартаюы мен демографиялық өзгерістер алдағы онжылдықтарда еңбек нарығы мен көші-қон саясатына тікелей әсер ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, 2050 жылға қарай ЭЫДҰ елдерінде халықтың шамамен төрттен бірін 65 жастан асқан адамдар құрайды. Сонымен бірге әлемдік халық өсімінің едәуір бөлігі Оңтүстік Азия мен Африка елдеріне тиесілі болады. Алайда бұл өңірлердің өзінде де халықтың қартаю процесі жеделдеп келеді.

Яғни біз белгілі бір демографиялық парадоксты көріп отырмыз. Бұрын жұмыс күшін экспорттаушы болған елдер алдағы онжылдықтарда жас әрі еңбекке қабілетті халық үшін дамыған экономикалармен бәсекеге түседі, - деді сарапшы.

Анна Альшанскаяның сөзінше, мемлекеттер көші-қонды экономикалық және демографиялық тұрақтылықты сақтаудың құралы ретінде жиі қолдана бастады.

Мысалы, қазіргі еңбекке қабілетті халық пен зейнеткерлер арасындағы арақатынасты сақтау үшін Еуропалық одаққа 2050 жылға дейін 100 миллионнан астам мигрант қажет болуы мүмкін, - деді ол.

Сарапшы Қазақстан үшін де өңірдегі демографиялық процестерді ескеру маңызды екенін айтты.

Біздің айналамызда іс жүзінде қарама-қайшы демографиялық траекториялар қалыптасты. Бір жағынан – Ресей мен Қытай, онда халықтың қартаюы мен санының азаюы күшейіп жатыр. Екінші жағынан – жастар үлесі жоғары әрі халық саны өсіп жатқан Орталық Азия елдері, - деді Анна Альшанская.

Оның айтуынша, Ресейде халық саны 10-12 миллион адамға қысқаруы мүмкін. Соған байланысты шетелдік жұмыс күшіне, оның ішінде Орталық Азиядан келетін еңбек мигранттарына сұраныс сақталады.

Ал екінші жағында Орталық Азия тұр. Жұмыс орындарының тапшылығы жағдайында Қазақстан өңірдегі баламалы тартылыс орталығы ретіндегі рөлін біртіндеп күшейтіп келеді. Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінен Қазақстанға келушілер саны айтарлықтай артты, - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол өңірдегі геосаяси тұрақсыздық ауқымды әрі бақылауға қиын миграциялық ағындарды туындатуы мүмкін екенін атап өтті.

Мемлекеттер институционалдық және инфрақұрылымдық тұрғыдан форс-мажорлық көші-қон процестеріне дайын болуы керек, - деді ол.

Анна Альшанская климаттың өзгеруі де көші-қонға әсер ететін маңызды факторға айналып отырғанын айтты.

Қазақстанда климаттың жылынуы әлемдік орташа көрсеткіштен жылдамырақ жүруі мүмкін. Бұл миграциялық ағындардың қайта бөлінуіне де әсер етеді. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2050 жылға қарай Орталық Азияда 2 миллионға дейін климаттық мигрант қалыптасуы мүмкін, - деді сарапшы.

Ол көші-қон, экономикалық және демографиялық саясатты қазіргі трендтерді ескере отырып алдын ала жоспарлау маңызды екенін айтты.

Қазақстан таланттарды тартатын өңірлік орталық ретінде проактивті позиция ұстанып, өз азаматтары үшін де, мигрант жұмыс күші үшін де мүмкіндіктер аймағы ретінде дамуы қажет, - деп айтты Анна Альшанская.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда көші-қон заңын бұзған 1 200 адам елден шығарылғанын хабарладық.

Тағы оқи отырыңыз: Көші-қондағы өзгерістер: Ықтиярхат алу неге қиындай түсті? 

БҚО-да шетелдіктерге айыппұл салынды