Қазақстандықтарға теңгелік депозиттерді қорғау бағдарламасы қажет пе? – Ұлттық банк жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов депутаттардың теңгенің айырбастау бағамына қатысты қойған сауалына жауап берді.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов Үкіметке қазақстандықтардың депозиттері бойынша 10 пайыздық өтемақы есептеу туралы шешімнің күшін жою туралы өтініш білдірген болатын. Оның пікірінше, бұл мемлекеттік қолдау шарасы нақты көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталмаған.
Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматов депутаттың сауалына жауап берді.
Сөзінше, еркін өзгермелі айырбастау бағамының қолданыстағы режимі сұраныс пен ұсыныс балансы арқылы нарықтық қағидаттар негізінде теңге бағамын қалыптастыруды білдіреді. Ұлттық банк айырбастау бағамының белгілі бір деңгейіне қол жеткізу мақсатында валюталық интервенция жүргізбейді.
Сауда-экономикалық өзара байланыстардың тығыз болуына қатысты теңге бағамын белгілеуде рубльдің ықпалы айқын байқалады. Қазақстан - Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Ресей Федерациясы – біздің негізгі сауда әріптесіміз, оның үлесіне 2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық импорттың 42%-ы тиесілі. Болған геосаяси оқиғалар аясында Ресей рублінің бұрын-соңды болмаған құбылмалылығы байқалып, теңгеге қысым жасауда және Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы үшін тәуекелдер тудырып отыр, - деп айтты Пірматов.
Ұлттық банк теңгенің Ресей рублімен ұқсас серпінін негізсіз және түбегейлі бекітілмеген деп санайды, өйткені біздің валютамыз үшін сыртқы, сол сияқты ішкі жағдайлар қазіргі Ресей валютасына ықпал ететін талаптардан мүлде ұқсамайды.
Осыған байланысты рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз әсер етуін төмендету мақсатында Ұлттық Банк «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» заңда көзделген валюталық интервенцияларды жүргізеді.
Ұлттық банктің ағымдағы жағдайларда валюта нарығына қатысуы мәжбүрлі шара, өйткені жекелеген кезеңдерде шетел валютасын сатушылардың болмауы не санының шектеулі болуы байқалады, бұл нарықтың қалыпты жұмыс істеуіне теріс әсер етеді. Сыртқы факторлардың нашарлауы жағдайында биржалық саудасаттықтың жабылуы нарықтық қатысушылар тарапынан үрей туғызып, алыпсатарлық әрекеттердің одан әрі өршуіне алып келуі мүмкін. Бұл жағдайда импорттаушылар шетел валютасын сатып ала алмайды, өйткені құбылмалылық пен белгісіздіктің арту кезеңінде, әдетте, валюта нарығында шетел валютасының шектеулі ұсынысы байқалады, бұл ауыр салдарларға әкелуі мүмкін, - деп толықтырды Ұлттық банк басшысы.
Ұлттық банк Қазақстан қор биржасымен бірлесіп мәмілелердің ықтимал көлемін барынша ұлғайтуға мүмкіндік беретін және негізсіз құбылмалылықтың алдын алуға бағытталған Франкфурт аукционы тетігін әзірледі. Мәселен, 28 ақпанда және 9 наурызда сыртқы геосаяси факторлар тарапынан валюта нарығына қысымды азайту мақсатында теңге - АҚШ доллары валюта жұбының биржадағы сауда-саттығы Франкфурт аукционы форматында өтті.
Бұл ретте Ұлттық банк айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстанатынын атап өтеміз. Теңге бағамы бұдан былай да іргелі факторлардың әсерінен қалыптасады, бұл ретте қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси ахуалдың дамуына, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы серпінге де байланысты болмақ, - деді Ғалымжан Пірматов депутаттарға берген ресми жауабында.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасына қатысты мәселеге тоқталды.
Теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы арта түскен геосаяси тәуекелдер және қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуі аясында қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажетті шұғыл және кезек күттірмейтін дағдарысқа қарсы шара ретінде жарияланды.
Бағдарлама жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақыны (сыйлықақыны) есептеуді көздейді және теңгедегі депозиттерінің тартымдылығын арттыру есебінен халықтың жинақ ақшасына бағамдық ауытқулардың әсерін азайтуға және банк секторын қорландыру базасын тұрақтандыруға бағытталған. Бұл шара долларландырудың өсуін тежеу есебінен Қазақстанның қаржы нарығына тұрақтандырушы әсер етуге арналған. Геосаяси ахуалдың шиеленісуі жағдайында бағдарламаны іске асыру банк секторының өтімділігін қолдауға, сондай-ақ теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттыруға бағытталған қажетті шара, - деп айтты Пірматов.
Бағдарламаның өлшемдері мен талаптары оны іске асыру үшін қажетті салымшылардың қамтылуы мен бюджет шығыстарының оңтайлы арақатынасын көздейді. Салымдарды талдау 2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша бағдарламаның қолданысына жататын шоттардың шамамен 93%-ы 3 млн теңгеден аспайтын салымдарды құрайтынын көрсетті, бұл ретте 1 млн теңгеге дейінгі салымдарды қамту шамамен 84%-ды құрайды.
Сондай-ақ өтемақыны есептеу үшін қабылданатын салымдағы қаражаттың ең көп көлемінің шектелуіне (20 млн теңгеге дейін) байланысты өтемақыны есептеу үшін нақты база салымдардағы қалдықтардың жалпы сомасынан төмен болады. Бұл ірі салымшылар үшін өтемақының ең жоғары мөлшерін шектейді және соның салдарынан Бағдарлама мерзімі аяқталғаннан кейін өтемақы төлеуге бағытталатын бюджет қаражатының жалпы көлемін төмендетеді. Бұдан басқа, өтемақының нақты көлемі бағдарлама мерзімі ішінде депозиттерден алу есебінен де төмен болуы мүмкін, - деп толықтырды Ұлттық банк басшысы.
Сөзінше, бағдарламадан бас тарту ұлттық валютаға деген сенімнің жоғалуына, валюталық артықшылықтардың өзгеруіне, тиісінше долларлану деңгейінің күрт өсуіне алып келуі мүмкін.