Кеше 2026, 11:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстандықтарды сайлауға қатысуға міндеттеуі мүмкін бе? – ОСК жауабы

Қазақстанда сайлауға қатысуды міндеттеу мәселесі қаралып жатқан жоқ.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов Үкіметтің кулуарында Қазақстандағы сайлаудағы белсенділікті арттыру үшін жаңа тетіктер енгізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер: "Қазақстандықтарды сайлауға қатысуға міндеттеуі мүмкін бе?" деп сұрады.

Жоқ, жоқ. Сайлаудағы белсенділіктің төмендеуі, әсіресе жастар арасында, расымен бар мәселе. Кейбір Батыс елдерінде сайлаушы жасын 18-ден 16-ға дейін төмендетіп жатыр. Ал кей елдерде адам сайлауға келмесе, айыппұл салу секілді жаза қарастырылған. Бірақ Қазақстан қазір ондай жолмен кетіп жатқан жоқ, – деді Шавкат Өтемісов.

Оның айтуынша, мұндай шаралар Қазақстан үшін әзірге өзекті емес.

Екіншіден, бұл жерде көп нәрсе сайлау процесіне қатысушылардың өз белсенділігіне байланысты деп есептейміз. Егер Құрылтай туралы айтсақ, бұл – саяси партияларға қатысты мәселе. Олар сайлауды қаншалықты белсенді өткізеді, сайлаушыны дауыс беру күні учаскеге келуге қаншалықты қызықтыра алады – қатысу деңгейі соған байланысты болады. Айыппұл салу туралы мұндай нормалар заң жобасында да, тіпті жоспарымызда да жоқ, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ сайлаушылардың жасын 18-ден 16 жасқа дейін төмендету де жоспарланып отырмағаны айтылды. Бұдан бөлек, халықтың сайлауға қатысуын ынталандыру үшін қандай да бір төлем енгізу мәселесі де қаралмайды.

Мұны бір жағынан сайлаушыларды сатып алу ретінде қабылдауы мүмкін. Оның екінші жағы тағы бар. Сондықтан мұны әлі ойлану керек, – деп түйіндеді Өтемісов.

Еске сала кетейік, ОСК Құрылтай сайлауына қанша қаржы кететінін түсіндірді.

Тағы оқи отырыңыздар: Электронды сайлау енгізіле ме? ОСК киберқауіпсіздік мәселесін көтерді 

 Президент туралы заң: Қазақстанда не өзгереді?