Бүгiн 2026, 15:14 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қарыз кешіру жеңілдейді: Өзгеріс кімге қатысты?

Қазақстанда қарыздарды есептен шығару тәртібін жеңілдету жоспарланып отыр. Сонымен қатар “проактивті банкроттық” тетігі енгізілмек.

Қазақстанда кейбір азаматтар мерзімі өткен несиелерін табысы мен мүлкінің бар-жоғын тексермей-ақ есептен шығара алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта қарызды есептен шығару үшін екі негізгі талап бар:
* табыс деңгейі ең төменгі жалақының екі есесінен аспауы тиіс;
* мүлкі болмауы қажет.

Алайда мерзімі өткен берешегі бес жылдан асқан азаматтар үшін бұл шектеулер алынып тасталады.

Егер мерзімі өткен қарыз 5 жылдан асса, бұл екі талап оған қолданылмайды. Ол еркін түрде өтініш беріп, табысы қанша екеніне және мүлкінің бар-жоғына қарамастан, берешегін есептен шығара алады, – деді Әбілқасымова.

Сонымен қатар Қазақстанда “проактивті банкроттық” деп аталатын жаңа тетік енгізілуде. Бұл жүйе бойынша мемлекеттік органдар банкроттық рәсіміне қатысуы мүмкін азаматтарды өздері анықтайды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі азаматтарға хабарлама жіберуді жоспарлап отыр.

Проактивті түрде банкроттық рәсімінен өтуді ұсынатын SMS-хабарламалар жолданады, өйткені бұл механизм бойынша өз бетінше жүгінетін азаматтар көп емес, – деді агенттік басшысы.

Мұндай шаралар проблемалық қарыз деңгейін төмендетуге және банкроттық рәсіміне қатысатын азаматтар санын арттыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Бұған дейін банктен несие алу қиындағанымен, халық қарыз алудың басқа жолын тапқанын хабарладық. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Қазақстандықтарға қарыз аз беріле бастады: Кім несие ала алмайды?

Қазақстанда банкроттық неге көбейді және жалған банкроттыққа қандай жаза қарастырылған – сарапшылар пікірі

Несие пайызын төмендету қызметі үшін қолма-қол ақша алған "көмекші" ұсталды