14 Қазан 2026, 14:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда қанша ауқатты адам бар? Министр жауап берді

Қазақстанда 70 мыңнан астам адам әлеуметтік әл-ауқаты жоғары азаматтар санатына жатқызылған. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазір азаматтардың әлеуметтік әл-ауқат санаттарына қатысты деректерге талдау жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша әр адамға тиісті хабарлама жіберіледі.

А санатында 70 мыңнан сәл астам адам бар. Қазір санаттарға қатысты талдау жүргізіліп жатыр. Әр адамға тиісті хабарлама жіберіледі. Бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Қателік болмауы керек. Біз мемлекет мүддесіне қарай қателескеннен гөрі, азаматтардың пайдасына қарай қателескенді жөн көреміз, – деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтарын әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санатқа бөледі:

  • А санаты – әл-ауқаты жоғары;
  • В санаты – ауқатты;
  • С санаты – қанағаттанарлық;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал;
  • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.

А санатына жатқызу өлшемдерінің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың жеті ең төменгі күнкөріс деңгейінен асуы. Бұл айына 350 мың теңгеден астам соманы құрауы мүмкін.

Алайда жалақысы 350 мың теңгеден асатын әрбір азамат автоматты түрде ауқатты деп танылмайды. Азаматтың әлеуметтік әл-ауқат санатын анықтау кезінде отбасының табысы мен өзге де көрсеткіштер ескеріледі.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов жәрдемақыға қатысты ойын айтты. Оның сөзінше, тұрмысы жақсы адамдар мемлекеттен көмек алмауы керек. 

Белгілі болғандай, Үкімет өңірлердегі азаматтардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. Қазақстанның өңірлерін қолдауға жыл сайын республикалық бюджеттен 7,4 трлн теңге бағытталады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 24,8%-ын, яғни шамамен төрттен бірін құрайды.

Тағы оқи отырыңыз: Отбасының бай не кедей екенін мемлекет қалай анықтайды? 

Отбасының табысы ғана емес, шығыны да есептеледі: Жәрдемақы кімге беріледі?