Қазақстанда қандай сирек металдар бар және олар қай елдерге сатылады?
Қазақстан сирек металдарды жеті елге экспорттайды. Алдағы жылдары галлий мен сүрме өндірісі іске қосылмақ
Қазақстан вольфрам, молибден, литий, бериллий және басқа да сирек металдардың едәуір қорына ие. Қазіргі уақытта отандық кәсіпорындар бірқатар металды өңдеп, дайын өнім түрінде экспорттаса, кейбірі әлі де шикізат күйінде шетелге жөнелтіледі. Ал 2026 жылы галлий мен сүрме өндіретін өндіріс орындарын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қазақстанда қандай сирек металдардың қоры бар?
Министрліктің мәліметінше, пайдалы қазбалар қорын мемлекеттік есепке алу деректері бойынша елімізде вольфрамның 2,4 млн тонна, молибденнің 1 млн тонна, литийдің 226,9 мың тонна қоры бар.
Сонымен қатар бериллий қоры – 70,7 мың тонна, ниобий – 28 мың тонна, тантал – 4,6 мың тонна, висмут – 280 мың тонна, кадмий – 73 мың тонна, галлий – 3,1 мың тонна, германий – 4,3 мың тонна, цирконий 2 млн тонна көлемінде есепке алынған.
Сирек жер элементтері бойынша перспективалы учаскелер Түркістан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында шоғырланған.
Бұдан бөлек, уран, асыл, қара және түсті металдар кен орындарында селен, теллур, германий, галлий, индий, таллий, висмут, гафний, скандий, кадмий, рений, осмий және иттрий сияқты ілеспе элементтердің қоры бар.
Перспективалы учаскелердің бірі – Қарағанды облысындағы Құйректыкөл. Қазіргі уақытта бұл учаске «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-ға жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу үшін берілген.
Сирек металдар қай елдерге экспортталады?
Қазақстан сирек металдарды Қытайға, АҚШ-қа, Жапонияға, Германияға, Австрияға, Францияға және Корея Республикасына, сондай-ақ басқа да бірқатар елге экспорттайды.
Қазіргі уақытта елімізде титан, тантал, бериллий, ниобий, рений, висмут, селен, теллур сияқты орта деңгейде өңделген өнімдер өндіріледі және экспортталады. Сондай-ақ марганец сульфатының жоғары тазалықтағы моногидраты (HPMSM) шығарылады.
Ал вольфрам, молибден және сүрме әзірге шикізат түрінде шетелге жөнелтіледі.
Министрліктің хабарлауынша, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту аясында 2026 жылы галлий мен сүрме өндіретін өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған. Бұл минералдық шикізатты өңдеу тереңдігін арттырып, жоғары деңгейде өңделген өнім экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сирек металдарды қандай кәсіпорындар өндіреді?
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда сирек металдарды өндірумен және өңдеумен айналысатын бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында:
• «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ (Өскемен);
• «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ (Өскемен);
• «Жезқазғанредмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (Жезқазған);
• «Жетысу Вольфрамы» ЖШС (Алматы облысы) бар.
Қазақстанның сирек металдар нарығындағы әлеуеті қандай?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бағалауынша, алдағы 5–10 жылда Қазақстанның сыни минералдар нарығындағы орны айтарлықтай нығаюы мүмкін. Алайда бұл үдеріс инвестициялық белсенділікке байланысты болады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Еуропалық Одақпен, АҚШ-пен, Ұлыбританиямен, Кореямен, Жапониямен, Франциямен, Германиямен және олардың ұйымдарымен әріптестік қатынастар орнатқан. Сонымен қатар Қытаймен және басқа да мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді.
Бұл серіктестіктің негізгі бағыттарына геологиялық барлау, кен орындарын игеру, өндіру мен өңдеудің заманауи технологияларын енгізу, ғылыми-техникалық тәжірибе алмасу, инвестиция тарту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту кіреді.
Министрлік Қазақстанның әртараптандырылған минералдық-шикізат базасы, инфрақұрылымы және адами капиталы бар екенін атап өтті. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ел сыни шикізатты өңдеу саласындағы халықаралық жеткізілімдер тізбегінде маңызды орынға ие бола алады.
Сала алдында қандай міндеттер тұр?
Ведомствоның мәліметінше, сирек және сирек жер металдарына әлемдік сұраныстың артуы Қазақстанға экспорттық әлеуетін кеңейтіп, инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік береді.
Дегенмен нақты экономикалық тиімділік өндіріс көлеміне, шикізатты өңдеу деңгейіне, әлемдік бағаларға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.
Осыған орай саланы дамытуда тек өндіру көлемін арттыруға емес, қосылған құны жоғары өнім шығаруға да басымдық берілмек.
Министрлік алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер ретінде геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуді, өңдеудің заманауи технологияларын енгізуді, ұзақ мерзімді инвестициялар тартуды және білікті мамандар даярлауды атады. Сонымен қатар ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды дамыту мен минералдық шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру көзделген.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстан әлемде санаулы кәсіпорын ғана өндіретін қандай өнімдер шығарады? – Министрлік жауап берді
Жолдау-2026: Тоқаев айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құруды тапсырды
6,5 трлн теңге, үш жаңа әуежай және АЭС: Жолдаудан соң қандай жобалар іске асады?